Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  230


Автор: Сағи Жиенбаев

БӨРІК

...Күрсінді жұрт көздеріне жас тұнып,
Көк аспанның көкірегін басты бұлт...
Көппен бірге кете барды майданға
Он сегізге жаңа толған жас жігіт.
Кейбіреудің қалды артында бөбегі,
Кейбіреулер жарын медеу көреді.
«Күт мені!...» – деп айта алмады ол ешкімге,
«Күтем сені!...» – дейтін ешкім жоқ еді.
Жүріп кетті қарғып мініп арбаға,
Сағымға орап әкетті оны сар дала.
Жаулығының ұшын үнсіз тістелеп,
Көкжиекке көзін сүзіп қалды ана...
Сол кеткеннен, кетті бала хабарсыз,
Бармай жатып, жалмады ма жау арсыз?!
Көкірегі қарс айырылып жүр ана,
Қайғысының орнын немен жабарсыз.
Көп еді оның аялаған арманы,
Сол арманның бірін де ұстай алмады.
Жан дегенде жалғызынан белгі боп,
Жалғыз бөрік көз алдында қалғаны.
Соны көрсе елжірейді жүрегі,
Бір иіскеп, мауқын басып жүреді.
Жатса-тұрса жалбарынып тағдырға,
Жалғызының амандығын тіледі.
Алдандырып кейде көңілі жетімді,
Алдамшы ой келеді ғой не түрлі.
Бөрігі оның көз алдында тұрса егер,
Баласы да аман келер секілді.
Содан басқа бір жұбаныш таба алмай,
Отырады көзін содан ала алмай.
Сол бөріктен айырылса егер шынымен,
Жалғызынан мәңгі айырылып қалардай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу