Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  153


Автор: Сағи Жиенбаев

БАЛЫҚҚА БАРҒАНДА

Тал-шыбық әкеп тау жақтан,
Сан рет жонып,
сан қашап,
Сұр жібек баулы қармаққа
Сырықтай сұлу сап жасап,
Тастадым мен де айдынға
Балықшы қарттай түрініп,
Қалтқыдан көзді тайдырмай,
Көзге де сенбей, үңіліп.
Шағылып тасқа,
жалт еткен
Сәулеге ғана оранып,
Отырдым үнсіз қалт етпей,
Мұнарға сіңіп,
жоғалып.
Балық жүр ештеңе елемей,
Денесі суда үлбіреп,
Садақтан ұшқан жебедей,
Теңіздің астын тілгілеп.
Жүйткіте шолып жан-жақты,
Бүйірден кенет ағып кеп,
Қалтырап тұрған қармақты
Кетеді бейжай қағып тек...
Тартатын үйіріп шығаннан,
Сиқырың қайда, жез-қармақ?!
Телміріп бізді бұлар да,
Діңкені құртты-ау, көзді арбап.
Ол болса жалғыз арбаған,
Әуресіне оның көнер ек...
Өзің де солай, ақ арман,
Ұстатпай жүрсің, не керек!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу