Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  154


Автор: Сағи Жиенбаев

БІЗ ЕКЕУМІЗ

Аташқа
Екі гүлміз бір кеудеде қаулаған,
Екі жүрек бір бесікте аунаған.
Екеуміздің үніміз де ұқсайды,
Екеуміздің түріміз де аумаған.
Екеумізде болған емес ат-тұрман,
Өмір бізді жаяу дедек қақтырған.
Бір шаңырақтың маңдайына көп көріп,
Екеумізді екі жаққа лақтырған.
Ойнап-күліп жүргенменен ол аман,
Мына жақта күндіз-түні мен алаң.
Гүл-бақшада жүрсем де өзім,
Сол жүрген
Сонау құмның ауасымен демалам.
Алғаш жаңбыр тауға төгіп өткенде,
Мен шығамын аласұрып көк белге.
Сол бір жақтан келе жатқан құстар да,
Содан хабар әкелердей көктемде.
Ол да мені келеді іздеп шығаннан,
Мен де барып қайтам шығып құмардан.
Көк аспанда сайрап жатқан құс жолы
Екеуміздің жолымыздан құралған.
Мен өзімнің тірлігіммен ырза ғып,
Келем оның көңіліне нұр жағып.
Екеуміздің арманымыз біреу-ақ,
Екі көздің көргеніндей бір жарық.
Мен онымен бірге құлап, бір ұшам,
Соның бәрін үнсіз ғана ұғысам.
Жаным менің жатсын тіпті өртеніп,
Жайсыз хабар естіртпеуге тырысам.
Ол жүргенде менің де жоқ түк қайғым,
Тал басында мөлдіреген шықтаймын...
Екі адамға түскен жүкті көтеріп,
Екі адамға өмір тілеп ұйықтаймын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу