Өлеңдер ✍️
Қиналдым талай қыз үшін...
Қиналдым талай қыз үшін,
Қыз үшін зәбір көп көрдім,
Қыздардың әсем жүзі үшін
Нелерді бастан өткердім.
Жолықтым небір күштіге,
Дауылдың көрдім долысын...
Жабысып сеңнің үстіне,
Суға да кеттім сол үшін.
Тірліктен талай қол үздім,
От болып кейде маздадым.
Арқырап ұшқан поездың
Астына түсе жаздадым.
Аман-сау кеттім құтылып,
Талай бір түнгі шайқастан,
Қуалап құзды құтырып,
Құладым талай жартастан.
Жалындап жүрген шағымда,
Қылыштай кесіп,
қан қызып,
Сол үшін
көптің алдында
Зәбірлеп кетті сан бұзық.
Ұстатпай жүрген маралым,
Ілінген шақта қолыма,
Сол үшін
біреу шам алып,
Неше жыл түсті соңыма.
Кей күні солар анталап,
Кіреді менің түсіме.
Тұрады көзі қанталап,
Қанжарын қадап ішіме...
Үстінде қылдың жүрем кіл,
Көз жұмып барам көп іске.
Жебейді сонда кілең бір
Қыз болып қырық періште.
Ырзамын, қыздар, сендерге!
Мен үшін сендер пірсіңдер.
Жазым боп кетер жерлерде
Өздерің сақтап жүрсіңдер!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter