Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  136


Автор: Сағи Жиенбаев

КҮШІГІНЕН ТАЛАНҒАН...

Жүретін бір кішкене қара күшік,
Ауыл-үйдің жұғынын жалап-ішіп.
Жаздыгүнгі байғұстың түрі мынау,
Қыстыгүні қала ма далада үсіп...
Жетеді оған шөп-шалам қуысы да,
Үйіп қойған әр үйдің бұрышына.
Ел тұрғанда,
бір жақтан о да тұрып,
Кірісетін күндегі «жұмысына».
Жасқаншақтап шегінген мұны көріп,
Жаман ит те тұратын іріленіп.
Іріленіп кететін қаншықтар да,
Шаңға аунатып кететін бірі келіп.
Күнің бар ма –
бір жүнің жығылғасын,
Сан жұлынып жүргенің суынғасын.
Қара көрсе, қашатын бір уыс боп,
Ешкім оған ұрынсын, ұрынбасын...
Ол да ит болды,
тағдырға шара бар ма?
Кетті ілесіп аман-сау
ала қарға.
Шыға келді желкесі күдірейіп,
Қасқыр алар секілді – қарағанда...
Өзі де алып,
шығар-ау, күші де алып,
Көрген емес бірақ та кісі қауып.
Кісі түгіл,
күшіктер шәуілдесе,
Жалт береді, құйрығын қысып алып.
Баға алмады өзінің қара басын,
Кетті кезіп ақыры ол тау арасын...
Оңбайды екен –
ит екеш иттің өзі
Көзін ашпай...
жабылып талағасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу