Өлеңдер ✍️
Аспанда сәл себезі бар ақ таңның...
Аспанда сәл себезі бар ақ таңның,
Жыршы құсы жаңа оянды бақтардың.
Таңғы ауада,
Туған үйді жастанып,
Боз сәулеге оранып ап жатқанмын.
Көк жүзінен көп жұлдыздар тараған,
Жас шалғынның шығады иісі даладан...
Таңнан менің қасыма кеп, шашымды
Үнсіз ғана сипап отыр жан анам.
Ес білгелі талай көктем өтті алдан,
Талай рет жапырағын төкті орман.
Менің мынау шашыма да осылай
Ана қолы тимегелі көп болған.
Содан ба әлде, көкірегім жылынып,
Өн бойымда бір ыстық қан жүгіріп,
Бүкіл денем еріп бара жатқандай,
Саусағының саясына тығылып.
Өсіпті ғой бұған дейін бекер бой,
Қуа берсең, ой түбіне жетер ме ой?!
Біреулерге пана болып жүрсем мен,
Өзім де әлі балапан-ақ екем ғой...
Ала қанат құстар өтті ағылып,
Жата бердім бозғыл көкті жамылып,
Анашымның қасындағы бір сәтте
Бойымдағы бар жүгімнен арылып.
Сол таңда бір балғын ойға баттым-ау,
Болмағандай көңілімде дақ-қылау?!
Армансыз бір дүниеге кіріп ап,
Алаңсыз бір ұйқылы-ояу жаттым-ау.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter