Өлеңдер ✍️
ЕЛГЕ ЕСКЕРТКІШ
Сонау бір Жемнің бойында,
Сүйікті біздің ауыл бар.
Ойнайды бұлақ ойында,
Орнайды дәннен адырлар.
Нұрлы күн келді бізге де,
Жайқалды құмда тал, қайың...
Отырсақ үйде, түзде де,
Ойлаймыз сені әрдайым.
Шығамыз ерте белеңге,
Шырқаймыз қырда әнді әсем.
Атыңды қосып өлеңге,
Айтамыз онда, жан көкем.
Шырқаймыз, әнді қайда да,
Ән болып, атың қалсын деп.
Айтамыз оны, бар дала,
Атыңды жаттап алсын деп.
Қарайлап алыс тау қырға,
Қарсы алып күнде балғынды.
Бөбектер үйі алдында
Тұрады бейнең таң нұрлы.
Әдейі қойдық бұл сурет
Осынау жерде тұрсын деп,
Армансыз өскен бөбектер
Атасын көріп жүрсін деп.
Таудың да тасын қашадық,
Талай үн тыным таппастан.
Бейнеңді құйып жасадық
Таудағы мәрмәр ақ тастан.
Биікке қойдық оны біз,
Бәрінен биік болсын деп.
Жарқырап шыққан күнді де
Жан көкем бұрын көрсін деп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter