Өлеңдер ✍️
БОЙЖЕТКЕН
Көз алдымда бала кезің
Балаусадай балқұрақ.
Таңғы шықтай қара көзің
Тұрушы еді жаудырап.
Көктем желі әлдилеген
Құстар әнге салушы еді,
Мен де сол кез ән-күйменен
Аялаушы ем, жаным, сені.
Көп қараушы ең бұлақтарға
Күмбірлеген бұралып.
Жас ағаштар гүл атқанда,
Жайнаушы едің қуанып.
Кекіл шашың желбірейтін
Көктемдегі құрақтардай,
Қос жанарың мөлдірейтін
Кең далаға құмартқандай.
Алғаш өзің тұрып сапқа,
Айттың алғаш әнді де.
Қимасыңдай қуыршақ та,
Қалды содан мәңгіге.
Алаулаған таңғы нұрдың
Арайына ұсады да,
Мектеп-анаң алды бір күн
Күндей ыстық құшағына.
Содан бері өтті күндер,
Өтті жылдар ағыла.
Нұр сәулесін төкті күндер
Сенің албырт жаныңа.
Бір толқынның сені әрдайым,
Тербеткенін сезе алдың ба,
Бәрін айтып не қылайын,
Өстің ғой сен көз алдымда.
Секілдісің аппақ арай
Тұрған сәуле шашылып.
Байқап тұрмын баққа қарай
Барасың ғой асығып.
Жас жүректі ерткен лебі,
Жанып тұр ғой жүзің нұр боп.
Өзің де бір көктемдегі
Қалыпсың ғой қызыл гүл боп...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter