Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  189


Автор: Сағи Жиенбаев

ҚОҢЫРАУ

Мен бүгін таңнан оянам,
Жаңарып қайта жаным бір.
Жеті жыл күткен таңым бұл,
Жеті жыл айтқан әнім бұл!
Тозаңнан денем арылып,
Сәулесін күннің оранам.
Тұлпарым басын қайырып,
Жетіге қайта оралам.
Оралам балғын кезіме,
Жанарға мөлдір жас толып.
Дүние менің көзіме
Тұрады қайта жас болып.
Армансыз ойнап самалмен,
Шалғынды құшам,
Көл құшам.
Желбіреп,
сәби баламмен
Мектепке қарай мен де ұшам...
Жалт етіп кенет жалындай,
Балауса жүзі құбылып,
Әкенің
алақанынан
Саусағын алғаш суырып,
Жөнелер құйттай арғымақ
Артына бір сәт қайрылмай.
Менің де көзім жаудырап,
Тұрар-ау содан айрылмай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу