Өлеңдер ✍️
ДОМБЫРА
Бәкір Тәжібаевқа
Өзіңсің жалғыз іңкәрім,
Өзіңсің менің шын ием, –
Армандай күткен тұлпарым,
Маңдайға біткен дүнием...
Қараушы ем күнде ерінбей,
Қалды ма деп бір шаң тұтып.
Тұрушы ең үйдің төрінде
Даламның иісін аңқытып.
Сөзді де маған жолатпай,
Сабақтап алыс-жақыннан,
Суырылып,
келген қонаққа
Сөйлеуші ең менің атымнан.
Со кезде сен бір ағар ең
Сиқырлы сазбен тербетіп,
Сонау бір сылқым даламен
Сағынған жанды селдетіп.
Көрінбей ешкім көзіңе,
Кеудеңе теңіз құйылып,
Қараған жанды өзіңе
Алар ең тартып үйіріп...
Салқындап самал, кеш кірмей,
Самарқау тартып ажарың,
Бара ма дауысың естілмей,
Тарқамай келген базарым.
Қалғандай қазір елсізде,
Сүземін саған көзімді,
Дүниеге мынау
сенсіз мен
Жеткізем қалай сөзімді?!
Кіреуке бұлттан арылып,
Көтерші қайта еңсені.
Баяғы кездей
тағы бір
Салайын топқа мен сені.
Салшы бір қайта есіне
Сонау бір алыс өткенін.
Арманда жүрген есіл ер
Сайрандап қайтсын көктемін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter