Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  135


Автор: Сағи Жиенбаев

ШЕКАРАДА

Тау іші жым-жырт,
Тыныштық,
Келеді бастап қарт майор, –
Сонау бір сойқан ұрысты
Аяқтап бір-ақ қайтқан ол.
Шешпепті бірақ шинелін,
Қайтпапты қауырт жұмыстан,
Батыста біраз бөгеліп,
Шығыпты бүгін Шығыстан...
Саусақпен ымдап шақырып,
Есікті нұсқап тұр алдан.
– Көріңдер...
Жаймен...
Ақырын...
Ұйықтады жаңа қырандар.
Тұрғаны толқын-сезімде
Көрінді қимыл,
Түсінен,
Әлгі бір сөзін өзін де
Жеткізді ол ерін ұшымен.
Жеткізді ойын ізетпен
Түсінді бәрін ақындар.
Оралып түнгі күзеттен,
Демалып жатыр батырлар.
Селт етіп үнге сәл ғана,
Қорғап тұр қартың ұлдарын.
Осынау жерден әрі қарай
Бастырар емес бір қадым.
Ақырын...
Есік жабылды,
Болды ғой бәрі енді айқын...
Бесікте жатқан сәбиді
Анасы солай қорғайтын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу