Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  183


Автор: Сағи Жиенбаев

ҚАБАҒАН ИТ

...Дөң басында бір ақ боз үй тұратын,
Жолаушы атын соған қарай бұратын.
Өз үйіне келгендей-ақ мәз болып,
Кірген адам көңілденіп шығатын.
Қарты бар-ды кеудесінде күйі көп,
Үлкен – кіші сырласатын жиі кеп.
Бұл шаңырақты бүкіл ауыл сыйлайтын –
Қазақтың бір қасиетті үйі деп.
«Кенжеміз», – деп қызын жақсы көретін,
Кейбір қулар соны көзбен өбетін.
Біреу қарттың көңілі үшін оралып,
Біреу қызды көру үшін келетін.
Қара күшік жүретін бір сабалақ,
(Пәтшағардың ұсқыны да жаман-ақ)
Күндіз-түні жағы сембей сорлының
Көрінгенге шәуілдейтін абалап.
Өсе келе–білмейтін бір ыққанды,
Алып ұрып, қаймығып, сәл бұққанды,
Айдалада кездессе егер, шынымен
Адам жейтін алпауыт боп шықты әлгі.
Қан қақсады біреулердің жалғызы,
Біреулердің толықсыған ән-қызы.
Бір пендеге жазығы жоқ менің де,
Аяғымда төрт тісінің қалды ізі...
Дақ салмайтын бір адамның жанына –
Момын ауыл зар иледі жабыла.
Арсылдаған мына бәле, ешкімді,
Жолатпады үлкен үйдің маңына.
Әркімнің-ақ кеудесіне кек толып,
Оны көрсе, қаны қызды өрт болып.
Құйттайынан асыраған өзінің,
Иесі де кетті содан жек көріп.
Қалмады елде ол қаппаған жас-кәрі,
Барлығын да бір аунатып тастады.
Дәл өзіндей азуы бар–ит екеш,
Иттерге енді аузын сала бастады.
Ит болғасын қайдан білсін парықты,
Біреуінің тамағынан алыпты.
Бір топ төбет талапты да өлтіре,
Бір құлағын жұлып алып қалыпты.
Сонда да ол сала берді қиғылық,
Ауыл ішін шыр айнала бүлдіріп.
Тағы да сол төбеттермен таласып,
Қайтты бір күн қабырғасын сындырып.
Көп ұзамай ақ боранды қыс келді,
Қысылатын кез де басқа түсті енді.
Қабаған ит жүрді біраз қаңғырып,
Қарлы мұздан аяғы да үскен-ді...
Арсылдаған алпауыттан күй кетіп,
Жүрді содан бір жамбасын сүйретіп,
Қалған күні қорлықпенен өтсін деп,
Қарамады ешбір оған үй де түк.
Қанды ауыздың қорлығы әбден өтіпті,
Қорасын да тас қып одан бекітті...
Бір түнде оны аш қасқырлар жеп алып,
Тек құйрығын қарға шаншып кетіпті.
Қабақ шытқан жан болмады бұл үшін,
Содан былай еркін алды ел тынысын.
...Адам болсын, айуан болсын қашан да,
Қадірсіздің көрген күні құрысын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу