Өлеңдер ✍️
ТЕНТЕК ТЕҢІЗ
Сырларын көкірегіне түйіп алып,
Көк теңіз дөңбекшиді ыңыранып.
Тентегім, тынба деймін, тула деймін,
Тәкаппар кеудесіне тұрып алып.
Оның да өрлігі сай тұлғасына,
Жетеді өз ашуы бір басына.
Алқынып ақ көбігін бұрқыратып,
Ақырып атылады шың басына.
Қойсын ба буырқанған күш атылмай,
Ол кейде құс боп жерден ұшатындай.
Ол кейде бұрқ-сарқ етіп ышқынады,
Жер жүзін құшағына ап қысатындай.
Айнала аласапыран күңгірттеніп,
Толқындар ширатыла мың бүктеліп,
Тұрады көлегейлеп күннің көзін,
Нән таулар теңізбенен сырғып келіп.
Қара бұлт шаршағандай қона қалып,
Жатады жер бауырлап о да барып...
Бұлтты да сүңгітеді тереңіне,
Көк теңіз толқынменен орап алып.
Секіріп жартастардың жалап басын,
Туласын, аңқылдасын, далақтасын.
Бәрі де өз бойына жарасады,
О баста теңіз қылып жаратқансын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter