Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  320


Автор: Сағи Жиенбаев

КҮТКЕН КҮН

Есіңде бар ма, бауырым,
Сол күнгі таңның атқаны.
Ауылдың бәрі ағылып,
Төбеге шұбап жатқаны.
Ұштық-ау сонда
ақ таңның,
Сәулесіменен жуынып.
Абдырап жүрген қарттардың,
Алдына түсіп жүгіріп.
Тұрдық қой белде алқынып,
Айналып бір-бір мүсінге,
Қара жол ғана тартылып
Қара көздердің ішінде.
Болды да бәрі тез ұмыт,
Толды да қайта қыр гүлге.
Қарай да қарай созылып,
Бойымыз өсті-ау бір күнде.
Көздегі жас па,
сағым ба,
Әйтеуір біреу мұнартты.
Менің де көкем сияқты,
Сенің де көкең сияқты.
Ауылға біздің күн болып,
Жақындап қалған кім мынау?!
Көздегі жаспен бірге еріп,
Төгіле жаздап тұрдық-ау...
Айырылып халық есінен,
Аңырып қалған бұ шақта,
Сағынып көрген есіл ер
Сүңгіді-ау, қалың құшаққа.
Бала да,
қарт та,
шеше де,
Құмардан шығып сүйіспек, –
Оқ-дәрі сіңген неше жыл
Солдаттың төсін иіскеп.
Әлі де көзім алдында
Сұрапыл өрттен қайтқан ер,
Жалғызын қоршап адырда
Жамырай сүйіп жатқан ел!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу