Эсселер ✍️
«ЖАН ДОСЫМ, ҮСТЕМ БОЛСЫН МЕРЕЙІҢ...»
Қазақстан әйелдерінің съезіне қатысу үшін еліміздің түкпір- түкпірінен келген қыз-келіншектер форумға Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың келуін тықырши күтті. Қоғам өмірінің әр саласында қызмет етіп, маңдай терімен, таңдай қақтырған дарынымен, зияткерлік ақыл-ойымен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен әйелдер Елбасымен жүздесуді сол еңбектері үшін берілген биік баға деп қабылдағанын айтқызбай-ақ түсінуге болатын еді.
Әсем безендірілген сахна төріне көтерілген Елбасының жарқын жүзін залда отырған мыңға тарта әйелдің жанарынан төгілген шуақ нұрландыра түскендей. Елбасының көңіл-күйі де көтеріңкі еді. Сөзін: «Шуақты көктем ардақты ана, асыл жар, аяулы қарындастың мейрамымен басталады. Сондықтан, ең әуелі баршаңызды алдағы мерекелеріңізбен құттықтаймын!», – деп бастап, «Сіздерге мемлекеттік құпияны ашайын. Маған Экономикалық даму және сауда министрі әйелдердің өздеріне жұмсайтын шығыны елдің қарулануға кететін шығысынан асып кететінін айтты», – деп қалжыңдап қойды.
«Бұған таңдануға болмайды, өйткені әйелдер күн сайын жеңістерге қол жеткізуге тиіс», – деп сөзін әрі қарай сабақтаған Президент елдегі отбасы, ана мен бала жағдайына шолу жасап, экономикалық дамуымыз- да әйелдер әлеуетін орынды пайдалана білу керектігін қадай атап өтті. Жүргізіліп жатқан әлеуметтік реформалардың жарқын көрсеткіштерін санамалай келіп, өзін толғандыратын мәселелерді ашып айтқан Елбасы:
«Бюджет саласының 60 пайызы – әйелдер. Көп жағдайда мемлекеттік басқарудың барша жүйесі солардың кәсіби біліктілігіне сүйенеді», – деп қоғамдағы әйелдер рөліне ерекше тоқталды.
Ойды ой қозғайды. Президент сөзін тыңдай отырып, әрбір үлкен жиын сайын аттары аталып жүрген қыз-келіншектерден басқа, өз са- ласын жетік меңгерген, қолынан іс келетін, қандай міндет жүктелсе де дөңгелетіп әкететін, ел алдына ұялмай шығаруға болатын, Елбасы- мыз айтқандай, кәсіби білікті құрбыларымды көз алдыма елестеттім. Әрине, олардың есімі басты баяндамаларда аталып жүрген жоқ. Бірақ сол баяндамаларда салтанатты түрде жария етілетін қол жеткізілген табыстарда сол қыз-келіншектердің орасан зор еңбегі бар екені сөзсіз. Алғашқы ойым сен туралы болды, Ғалия.
Әлі есімде, баспасөз бетінен бір өзі бір мезгілде бірнеше аспапта ойнайтын адам туралы «Человек-оркестр» деп аталатын кішкентай хабарлама оқығаным бар. Алғаш танысқан жылдары атқарып жүрген қызметіңе қарап қалжыңдап, сені мен де «Комитет-адам» дейтінім есіңде ме? Алматыдан жаңа астанаға әлі көшіп келмеген Мәдениет комитетінің елордадағы өкілі ретінде сол кезде атқарған жұмыстарыңды таразылап, «бір адам тау қопарғандай жұмыс істейді екен-ау» деп таң қаламын әрі сенің солай жұмыс істеуіңе негіз болған бойыңдағы жігеріңе, біліміңе, адамдармен қарым-қатынас жасау мәдениетіңе, ұйымдастырушылық қабілетіңе тәнті боламын.
2000 жыл елімізде Мәдениет жылы болып жарияланғаны елдің
есінде болар. Мұндайда жер-жерлерде өткізілетін кең ауқымды ша- ралар белгіленген мерзімде және тиісті деңгейде өтуі үшін үкімет қаулысы шығуы керек екеніндігі белгілі. Білмейтін адамға ол оп-оңай шаруа көрінері анық. Ал сол іс-шараны өткізуде басшылыққа алына- тын бұл өкімші қағаздың қабылдануы үшін оның алдында қаншама құжаттар жасалып, тиісті мемлекеттік органдардың жоспарларын ұштастыру үшін орасан зор ұйымдастыру жұмысын жүргізу керектігін біреу білсе, біреу білмейді.
Сенің сол кезде Мәдениет жылын өткізудің қаулысын жасап, бюджетін бекіту үшін күні-түні жұмыс істегенің көз алдымда. Қалалық деңгейде өткізілетін бір іс-шара үшін әр мекемеге, олардың атқаратын функция- ларына қарай негіздей отырып, қат-қабат қағаз жазылып, тиісті жоспар жасалатын кезде, бүкіл республика көлемінде жыл бойы жүргізілетін іс- шараның топ-топ құжаттарын салалық министрліктерден бастап Үкіметке дейін келісу, ресімдеу жұмыстарымен зыр жүгіргеніңді айтсаң, бүгінде ешкім сенбейтін шығар? Бірақ сол істеріңе куә болған Дүйсен Қасейінов, Ермек Аманшаев, Бекболат Тілеухан сынды азаматтар, әріптестерің Ары- стан Әлиев, Нұрсан Әлімбай растайды деп ойлаймын. Ұзақ жылдар бойы қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқан, мәдениет саласының жер-жердегі көрнекті өкілдері Есмұқан Обаев, Төлеубек Әлпиев, Рымбала Омарбеко- ва, Еркебұлан Мүсірепов, Айым Қанафина сынды замандастарымыздың да сенің еңбекқорлығың мен ұйымдастырушылық қабілетің туралы жылы лебіз білдіреріне күмәнім жоқ.
Келесі 2001 жылы Мәдениет комитеті Астанаға көшіп келгенде қызметіңнің жоғарылауы сенің осы сияқты іс-шараларды өткізу ба- рысында анық байқалған кәсібилігің бағаланғанының айғағы болса керек. Содан бастап еңбек жолыңда өрлеу басталды. Жыл өткен сай- ын саған сеніп тапсырылатын міндет ауқымы да ұлғайып, тиісінше ол жұмыстарды атқарудағы сенің біліктілігің де өз бағасын алып отырды: басшылық тарапынан сан мәрте алғыс жарияланып, түрлі марапаттарға ие болдың. Қатардағы маманнан департамент директо- рына дейін өсіп, мәртебең де өзгерді. Бірақ жұмысқа деген көзқарасың, жауапкершілігің, адами қасиеттерің өзгерген жоқ.
Сені менен бұрынырақ танитындар бойыңдағы соншама күш- жігердің, бастамашылдық қасиеттің жастық кезден, сонау Батыс Қазақстан облысы комсомол жастар ұйымының бірінші хатшысы болған кезіңнен қалыптасқанын айтады. «Бір шоқ қуат көзі ғой», – дейді екен сені осы қызметке ұсынып, комсомол-партия жұмысына әкелген ұстазың Мұстахим Біләлұлы Ықсанов. Өзіңнің де ұстазыңды еске алып отырып: «Бірінші хатшылыққа менің кандидатурамды ұсынудан
бұрын бірнеше ай бойы облыстың ең шалғай аудандарына түрлі тап- сырмалармен іссапарға жіберіп, әбден сынап, жұмысты ойдағыдай атқара алатыныма көзі жеткен соң ғана шешім қабылдағанын айтып еді» дегенің есімде.
Дегенмен, ол қуат әу баста ұшқан ұяда, әке-шеше тәрбиесімен қалыптасқан болар деген ой келеді маған. Бір сырласып отырғанымызда 7 сыныптық қана білімі бар әкең Мәсәлімнің соғысқа қатардағы жа- уынгер болып аттанып, капитан шенімен оралғанын, туған жеріндегі соғыстан кейін тұралап қалған экономиканы дамыту, халықтың әл- ауқатын көтеру ісіне бел шеше араласқанын, өз білімін жетілдіре жүріп, балық өңдеу цехының бастығы, шаруашылық басшысына дейін көтерілгенін айтып едің. Міне, сол қасиет – білімін жетілдіруге, кәсіби біліктілігін арттыруға деген ұмтылыс, жаңашылдық пен батылдық саған әкеңнен дарыған болуы керек, досым.
Облыста мәдениет саласының басшылығында жүргенде атқарған игі істерің кез келген азаматтың абыройын асырып, беделіне бе- дел қосар еді. Әсіресе, заман ауыртпалығы жабылуға мәжбүр ет- кен облыстық қазақ драма театрының қайта ашылуы үшін еткен еңбегіңнің орны бөлек. Оралдықтар бұған «Қаншама жылдар бойғы халықтың рухани орталығының оты қайта жанды» деп шаттанды. Одан кейін симфониялық оркестрді, кәсіби би ансамблін құру да сенің басшылығыңмен жүзеге асқан. Өздерін рухани байлыққа бет бұрғызған істеріңді жерлестерің жыр ғып айтады екен. Еңбегіңнің ел есінде қалғаны да – зор бақыт емес пе, досым?
Міне, осындай еңбектеріңнің арқасында туған жеріңде қадірлі, саусақпен санарлық танымал азаматтардың санатында болсаң да,
«Ел көшкен жаққа ырыс ауады, бар жаңалық, жақсылық сол жерден басталады», – деп, жаңа астанаға жол тарттың. Бұл жерде жастайы- нан мемлекеттік қызметте шыңдалған кәнігі маманның алыстан ой- лауы мен қалыптасқан тірлігін, қолайлы жағдай жасалған жайлы ор- нын дүниеге әкелген ұрпағының болашағы үшін қиған аналық сезім ұштасқаны байқалады. Бейтаныс қала, бейтаныс ортада үйреншікті қызметтік көліксіз, кабинетінің алдында ізетпен қарсы алатын хатшы- сыз, еңбек жолыңның келесі бетін аштың.
Орталық мемлекеттік органның қарапайым маманы болып қызметке қабылданып, өз міндетіңді атқаруға білек сыбана кірістің. Біздің танысқанымыз да осы тұста еді ғой. Сен – Мәдениет, ақпарат, қоғамдық келісім министрлігінің әлдебір ауқымды іс-шарасын ұйымдастыруға Мәдениет комитетінен жауаптылардың бірі, ал мен
- қатысушылардың бірі едім. Зыр жүгірген мамандарды үйірілтіп,
кең форматты іс-шараның ешқандай әттеген-айсыз, тиісті деңгейде өтуін жіті бақылап жүрген келісті келіншектің аты-жөнін сұрағанмын.
«Ғалия Жаненова» десті сол жердегілер мақтанышпен. Арада жылдар өткен соң, айналамдағыларға таныстырған кезде мен де сенің атыңды тап сондай мақтанышпен атайтын болдым.
Заманымыз бір, жасымыз құрдас болған соң ба, әлде білім деңгейіміз, ой-өреміз тең болғандықтан немесе өмірге деген көзқарасымыз сәйкес келгендігінен бе, әйтеуір екеуміз тез тіл табысып кеттік. Отбасымыз араласты, балаларымыз достасты. Жарың Алмасқа деген құрметің, көзіңнің ағы мен қарасындай Талғат пен Әселге деген аналық сезімің, екі жақты бөле жармай, төркінің мен қайын жұртыңды қадірлеуің сені көз алдымызда биіктете түсті. Достарың көбейді, сенен үйренетін, сені үлгі-өнеге тұтатын ізбасарларың, іні-сіңлілеріңнің қатары өсті, керегең кеңейді – Алмас екеуің келін түсіріп, қыз ұзаттыңдар.
Осылайша біз адам ғұмырының ерекше бір белесіне де шықтық
- ақыл-ойымыз кемелденген, мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинақтаған жасқа келдік. Қазір әңгімеміз де салиқалы – білгенімізді үйретіп, көп жылғы еңбек жолымызда көңілге түйгенімізді жүзеге асы- рар жол іздейміз. Сырласамыз, ақылдасамыз.
Мен өзім Қазақстанда алғашқылардың бірі болып игерген ілеспе аударма жасау өнерін дамыту мәселесін тілге тиек етемін. Бұл – ана тілімізді таза қазақи орта тілінен ірі форматты халықаралық жиындар тіліне айналдырудың, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудің оңтайлы амалы екендігін айтып, оны іске асыру тиісті дәрежеде қолға алынбай отырғанына қиналамын. Сен өз салаң бойынша толғандырып жүрген мәселелерді ортаға саласың. Жастайымыздан атқарған ісіміз болғандықтан, кейбір мәселелерді жанымызға жақын алып, тақырыпқа беріле сөйлеп отырған әңгімемізді бірде менің Батырымның былдырлаған үні, бірде сенің Абылайханыңның уілі бұзады. Сол кез- де барлық проблеманы ұмыттырып, біздің бойымыздағы ұлы табиғат сыйлаған қасиет бой көтереді. Мейірім толған жүрегіміз кеудемізден шығардай лүпілдеп, немерелерімізге құшақ жая ұмтыламыз.
Немереңді бауырыңа басқан сенің көзіңнен бақыт ұшқынын көремін. Осы ұшқын «жанам деген жандарға от беретін» алауға айна- лып, өзіңді қоршаған адамдарға жан жылуыңды төге бер, досым Ғалия.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter