Эсселер ✍️
КӨРЕРМЕН МӘДЕНИЕТІ
Таяуда Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары Астанаға келіп, есеп беру концертін қойды.
Қызмет бабымен Арқа жеріне қоныс аударғанына біршама уақыт өтсе де, бұл жақтың алай-дүлей ақ боранына, етек-жеңіңді жұлқылаған желіне үйрене алмай, жасыл желекке малынған (бәрімізге де ыстық) гүл қаланы, елін-жұртын сағынып, әсіресе оның өнер ордалары туралы тамсанып жиі айтатын алматылық құрбымды қуантайын деп сол кон- цертке шақырдым. Ол шынымен-ақ қатты қуанды. Айтқан уақытында Конгресс-холлдың алдына алып-ұшып жеткен құрбым «Жұмысбасты болып, көптен ешқайда шыға алмай жүр едім, бір демалатын болдық қой, жүр ішке кіріп орналаса берейік» деп енді мені асықтырды.
Ішке кіру оңай болмады. Есік ашылысымен алдындағы иін тірескен халық бір-бірін баса көктеп, алға ұмтылды. Және бір қызығы – бәрінің де қолдарында билеттері бар. Іштегі орын санаулы, кіретіндердің саны шектеулі болса сөз басқа, қолдарында билеттері бола тұрып, неге сон- ша жанталасады? Әрі-бері итерісіп жүргенде бір апа кебісін түсіріп алыпты, енді жұрттың аяғының астынан соны іздеп әлек. «Мына жұрт өлтіреді ме, қайтеді-әй?» деп жан-жағына шошына қарайды кейуана... Ұмар-жұмар болып есікке ұмтылғандарды сырттай бақылап тұрсаң, оларды жұмыс күнінің аяғында жақсы бір концерт тыңдап, демалуға келгендер емес, пышақ үстінен үлестіріліп жатқан әлдебір тапшы, зәру заттың кезегінде күнұзақ тұрып, төзімі таусылған, жүйкесі тозған
адамдар ма деп қалғандайсың...
Концерт белгіленген уақыттан әжептәуір кешігіп басталды. Қасымызда 5-6 жасар баласы бар жас әйел отырған. Сәлден кейін сол бала «А когда начнется? А долго еще будем ждать?» деп қыңқылдай бастады. «Скоро, скоро» деп шешесі жұбатып қояды. Бірақ онысына тыныштанар бала жоқ сияқты. Қыңқылдап жылай бастады. Анасы алдаусыратып сөмкесінен бір уыс кәмпит алып беріп, әзер қойғызды.
«Ойпырмай, осы біз қай концертті тамашаларымызды білмей басымыз қататын шығармыз» деп сыбырлады маған құрбым.
Шынымен де солай болып шықты. Тәтті кәмпитке тойып алған бала сәлден кейін шөлдеп су сұрады. Анасы сәл шыдауын өтініп, үгіттеп көріп еді, бала тіпті өрекпіп кетті. Жер тебініп жылайтын әдеті болса керек, алдыңғы орындықтың арқалығын қос аяқпен тепкілей бастады. Алдағылар бұрылып, ала көздерімен қараса да, «тыныш отыр» деп ескерту жасаса да бала шыбын шаққан құрлы көрер емес. Ал шешесі... Бәлкім, баласының сыры өзіне мәлім болғандығынан болар, ол... ара- тұра «перестань», «заткнись» деп қойып, сахнадан көзін алмай отыра берді! Қаншама жұрттың мазасын алып отырғандары ойына тіпті кіріп- шықпайтын тәрізді... Керісінше, балаға ескерту жасаған адамдарға жи- ырыла қарап, «оставьте нас в покое» деді ысылдай сөйлеп.
Құрбымның айтқаны дәл келді, біз сол күні көрсек деп ынтығып келген өнер шеберлерінің емес, өз дегенінен қайтпайтын қыңыр, тәрбиесіз бала мен оның көпшілік орындардағы мінез-құлық мәдениетінен жұрдай шешесінің «концертін» көріп қайттық.
Мінез-құлық мәдениеті демекші, бұл – рухани тұрғыдан жұтаң елді ешбір экономикалық жетістіктер ұшпаққа жеткізбейтінін түйсінген қазіргі заманда, қоғамның әрбір мүшесінің жан-жақты, үйлесімді даму- ын мұрат еткен педагогтарды, мамандарды, ғалымдарды толғандырып, сан-салалы зерделеу объектісіне айналған тақырыптардың бірі. Мәскеуде басылып шыққан «Мінез-құлық мәдениеті» атты сөздік- энциклопедияда «Қарым-қатынас жасау және мінез-құлық мәдениеті адамның тәрбиелілік және білімділік деңгейін айқындайды. Адамның қаншалықты тәрбиелі екендігін оның көшедегі, қоғамдық орындардағы немесе ұжымдағы мінез-құлқына қарап-ақ байқауға болады» деп жазылыпты. Ал таяуда ғана өзімізде шығатын орыс тілді газеттен:
«Тәрбиені бесіктен бастау керек деседі. Меніңше, тәрбиені бесікті тер- беткен анадан бастаған жөн» деген пікірді оқыдым. Оқыдым да ойла- нып қалдым. Шындығында да, егер біздер, ересек адамдар (жоғарыда мысалға келтірілген әйел сияқты) өзіміз тәрбиелі, мәдениетті болмасақ, балаларға, жастарға не үйрете аламыз?
Бірде қолыма И.Н.Курочкина деген автордың «Современный эти- кет и воспитание культуры поведения у школьников» деген кітабы түсті. Қызық кітап екен. «Әдетте, балаларын театрға, концертке ертіп апарған ата-ана өзі де сол іс-шаралардан көп нәрсені ойға түйіп, бойға сіңіріп қайтады. Жалпы адамның жан-дүниесінің бай, сұлу болуы- на, мәдениетті, білімдар болуына ол қатысқан кездесулердің, көрген спектакльдердің, тыңдаған концерттердің оң әсер етері сөзсіз» делінген жолдарды оқып отырып, Астанада болған бір кездесу есіме түсті.
Өткен жылы қыркүйек айында республикалық тілдер мерекесі ая- сында қазақтың арқалы ақыны Сырбай Мәуленовтің 80 жылдығы атап өтілді. Президенттік мәдени орталықта осы шараға қатысу үшін арнайы келген ақынның жары Күнжамал апамен, балалары Қасым және Ғазизбен кездесу болды. Залда отырғандардың көпшілігі өрімдей жастар екен. Іштей сүйсініп қалдым. Қасымда оқитын қыз баладан қайда оқитынын сұрап едім, ол Гумилев атындағы Ұлттық университеттің филология факультетінде оқитынын мақтана айтты. Мен өзіміздің де студент шағымызда осындай кештерге таласа-тарма- са баратынымызды, ертеңіне біздерді ертіп апарған ұстаздарымыздың кеште айтылған мәселелерді одан да кеңейтіп, тәрбиелік мәнін ашып, еркін пікір алысу сабағын өткізетіндерін есіме түсірдім. Ол сабақ кестесіндегі басқа дәрістерден өзгеше, тәрбиелік мәні зор өмірлік сабақтар болатын! Бүгінгі кешке келген мына өрімдей жастардың да сондай тағылымды тәрбие алатынына қуандым.
Менің сол кеште алған әсерім әлі күнге есімде. Осыдан аз ғана уақыт бұрын газеттер ақын жарының қайтыс болғаны туралы қазанама бергенде, өткен жылғы кездесуде Күнжамал апамыздың қысқа ғана сөйлеп: «Мен өмірімді Сырбайға арнағаныма, оның өлеңдерін басқаныма, оған жеті ұл-қыз туып бергеніме ризамын. Басқа не айтай- ын? Басқасын мына балалары айтар» дегенін есіме түсірдім. Өздерінің де самайларын ақ қырау шалған Қасым мен Ғазиздің елпілдеп, анала- рын екі жағынан қолтықтап сахна төріне апарып отырғызғандары көз алдыма елестеді...
Бір өкініштісі, мұны студенттердің біразы көрген жоқ-ты. Өйткені олардың көпшілігі-ақ кеш басталысымен біртіндеп сыртқы есікке қарай жылыстай бастады. Қасымда отырған қыз бала да арт жаққа қарап ты- пыршып, мазасы кетті. Сахнада не болып жатқанымен жұмысы жоқ, екі көзі кетіп бара жатқан құрбыларында. Сонысына қарағанда, мұнда рухани азық алам, өнегелі сөз тыңдаймын деп келмеген-ау шамасы. Ақыры, аяғымызды басып-таптап, ол да сыртқа ұмтылды.
Әттеген-ай, сол студенттер аз ғана уақытын қиып, сол кеште отырса ғой, Сыр-ағаңның магнитті таспаға жазылып алынған дауысын естір еді. Оның бейне бір осы залда отырған жастарға арналғандай:
Сен менің айта алмаған сөзім шығарсың, Сен менің көре алмаған көзім шығарсың. Оқ астында арманда өткен
Сен менің жиырмадағы кезім шығарсың, – деген сөздері ойлан- дырып, рухани құндылықтарымызға аялай қарауға үйретер ме еді бұларды?!
Сырбай ақынның жеті баласының бірі Ғазиздің: Менің жеті балам бар –
Жеті арқа тірер асқарым бар, Менің жеті далам бар –
Менің жеті аспаным бар,– деп әкесінің өлеңін жатқа оқығанын көрер еді. Көрер еді де ата-ананы сыйлаудың, әке есімін, әке шығармашылығын қастерлеудің бір үлгісіне куә болар еді. Өнеге алар еді, үйренер еді... Әттең...
Жалпы, осындай кездесулерде, кейбір концерттерде залды толтыру үшін мектеп оқушыларын, студенттерді әкелу әдеті қалыптасқан. Жас ұрпақты сұлулыққа баулып, рухани дүниесін байыту, мәдениеттілікке тәрбиелеу үшін мұндай шараларға апару қажет екені даусыз. Бірақ, тәрбие біржақты болмай, мәдени шараға баратын жасөспірімдерге көрермен мәдениеті туралы ұғым қалыптастыру да қатар жүргені жөн болар еді. Ал ондай тәрбие көрмеген, «апай ұрсады», «зачет қоймайды» дегендіктен ғана барған жастар сахнадағылардың өнерін не өзі тұшынып тамашаламайды, не көрем деп әдейі келген көрерменнің тамашалауына мүмкіндік бермейді.
Театр, концерт туралы әңгіме бола қалса, «Театр киімілгіштен баста- лады» деген қанатты сөзді еске алмайтындар кемде-кем. Шындығында да, адамдардың киімілгішке тапсырған киімін алатын кезіндегі мінез- құлқынан сол күнгі жиналған көрермен мәдениетінің қаншалықты екендігі туралы ой түюге болады. Мәскеуде жарық көрген «Энци- клопедия этикета» атты, көрерменнің өзін өзі ұстау мәдениеті туралы жіліктеп айтылып, өнер туындысының жанрына қарай (симфониялық концерт, опера, драма, жеке концерт, цирк...) қай кезде қол шапалақтау керектігіне дейін ежіктеп жазылған кітапта да «киімілгіш» мәселесіне жеке бір тарау арналыпты. Оқып отырғанда біздегі көрсетілім аяқталмай жатып дүркіреп киімілгішке жүгіретін, күші жететінін пай- даланып, кезекте тұрғандарды итеріп, басып-жаншып киім алатын көрермендеріміз көзге елестеді.
Сондай кезектен костюмінің түймесінен айырылып, орамалы ба- сынан түсіп, аяғы тапталып шыққан көрермен жаңа ғана залда алған әдемі әсерінен айырылып, үйіне барғанша сол «мәдениетсіздермен» ұрсысумен болады.
Мұндай жай басымнан өтпеді деп кім айта алады?
2003 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter