Эсселер ✍️

  20.06.2022
  238


Автор: Камал Әлпейісова

СӨНГЕН ЖОҚ, ӘЖЕ, ШЫРАҒЫҢ...

 


Мен бұл хабарды ес білгелі күтіп ем...
Қанша жылдар бойы сұрау салуыма орай үлкенді-кішілі мұрағаттардан, әскери комиссариаттардан, әскери даңқ мемориалдары- нан келген жұп-жұқа конверттерді ашқан кезде бір сәтке мойығандай болғаныммен, кеудемдегі «бір дерек табылады» деген үміт оты сөнбеген. Соғыстан оралмаған аталарымды іздеуді тоқтатпауыма да себеп болған сол үміт еді. Есейе келе сіңлім Тәскира мен інім Ақан қосылып, бір дерек болады-ау деген жерлерге хат жазумен болдық. Бірақ солардың барлығынан күттіріп-күттіріп, келетін жауап біреу-ақ болатын: «Карибаев Жумасай, Абилов Мукаш и Абилов Келдыгул в списках не значатся».
Әжем күйеуі мен екі інісін, анам әкесі мен нағашы ағаларын өмір бойы күтумен өтті. Енді міне, екеуі де күтіп-күтіп, сарғайып, жарық дүниеде жүрер жолы мен татар дәмі таусылып, бақи дүниеге аттанған кезде соншалықты күткен хабар келді.
«Сообщаем, что ст. сержант Карабаев (так в документе) Жумасай, наводчик орудия 932 артилерийского полка (так в документе) 375 стрелковой дивизии, награжден орденом Красной Звезды №236920 приказом 375 сд №013 – н от 24 июля 1943 года, награда значится вру- ченной, временное удостоверение №975084.
Основание: картотека учета награжденных.
Абилов Мукаш и Абилов Келдыгул по документам отдела не значится. Зам. начальника отдела (Баслядинский)»
Бұл – Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы Орталық мұрағатынан келген хаттан үзінді.
Фамилиясының тұсына жақша ішінде «так в документе» деп көрсетілу себебі – жауынгердің құжаттарын толтырылған кезде «и» әрпі анық жазылмай, «а» болып жазылып кеткендіктен, біз сұратып отырған «Карибаев Жумасай» мен дерегі табылған «Карабаев Жума- сай» екі адам болуы мүмкін деп сақтанғандары болар деп түсіндік. Бірақ екінші сөйлемді оқығанда-ақ бұл кісінің біз іздеп жүрген Жұмасай екендігіне күмәніміз қалған жоқ. Себебі онда «Жена – Кара- баева Унажай проживала по месту учтенного. Основание: ЦАМО, дон. 50208 с -1944 года.
Примечание: фамилия учтенного, фамилия, имя жены – так в до- кументе» деп жазылыпты. Мұнда да жоғарыдағыдай қате қайталанған

– менің әжемнің есімі – Үкіжай болатын, орысша «Укижай» деп жазы- лады ғой, бұл жерде «к» және «и» әріптері анық жазылмаған.
Хатты ала салысымен үлкен апайым Манарға телефон соғып, дау- ыстап оқып бердім. «Түу, тым болмаса апам барда келгенінде ғой...» деді ол өкінішпен. «Бұл деректің табылғанына да шүкір, әжем өмір бойы «топырақ қай жерден бұйырды екен?» деп отырушы еді...» деді сосын күрсініп.
Әжемнің айтуынша, күйеуі Жұмасай соғыстың алғашқы күндері-ақ әскер қатарына шақырылады, ал Қостанайда «мұғалімдік оқуды» оқып жүрген кіші інісі Келдіғұл елге де соқпастан майданға сол жақтан ат- таныпты. Алғашқы кездерде Келдіғұлдан үзбей хат келіп тұрады. Ол хатты көбіне өлеңмен жазады екен. Оның өлеңмен жазылған хатта- рын елде қалғандар бір әуенге салып, ән қылып айтады екен. Содан да болар, Келдіғұл нағашымның өлең-хаттарының ғұмыры ұзақ бол- ды. Қостанай облысының Жангелдин ауданы «Қызбел» кеңшарына қарасты бөлімшелерде, Сарқопа маңында тұратын көнекөз қариялар шілдехана, бесіктойларда «өлең айт» десең күні бүгінге дейін ол өлеңдерді ыңылдап айтып береді.
Бұл өлең-хаттарды оқи отырып, дұшпанына кектеніп, өзі тіленіп соғысқа аттанғанымен, нағыз қанды қырғынның ішіне түскен жаны әсершіл, жүрегі нәзік Келдіғұлдың біресе ашу-ыза, біресе қорқыныш, біресе сенім билеген көңіл күйін танып, соғыстың картинасын ақын жігіттің көзімен көруге болады.
Жиырма төртке келді жас, Неміс болды бізге қас.
Ойлағанда әр ойды Келеді көзге ыстық жас. Өмір мен өлім санаулы,
Жауменен жан-жақ қамаулы Мыңдаған адам жөнелдік –
Бәрі де оның аяулы... – деп толғайды ол елге жазған алғашқы хаттарының бірінде.
Атадан жалғыз туғандар, Ғылым жолын қуғандар, Туған жер мен туысты Бір көруге болдық зар.
Мұндайды бұрын көрмеген, Қара бұлт басқа төнбеген,

Дірілдейді жас жүрек
Жапырақтай шөлдеген, – деп сырын ақтарады жаудың алғашқы жылдардағы екпінінен жүрегі шайлыққан жас жауынгер 1942 жылдың жазында жолдаған хатында.
Бармайды аузым айтуға Күн болар ма екен қайтуға? Бесінші июль күндері Кірмек боп тұрмыз қиқуға. Жаман айтпай жақсы жоқ Жас жүректе жанды шоқ.
Олай-бұлай боп кетсек
Ашылмай кеткен арман көп, – деп жазады ол шабуылға шығар алдында елдегі ағайын-туғанмен қоштасып жазған хатында.
Балалық-ай десейші, біз әжемнің «июль» деген сөзді «йол» деп ай- татынын қызықтап, шықылықтап күліп, «ана бір шумағын тағы бір айтыңызшы» деп, қайта-қайта айтқызатынбыз.
«К Курской битве обе противоборствующих армии – немецкая и со- ветская – готовились с весны до середины лета 1943 года... И вот утром 5 июля 1943 года на позиции советских войск обрушились десятки ты- сяч снарядов и авиабомб. В начале небо потемнело от бесчисленного количества фашистских самолетов, затем задрожала и застонала зем- ля. От поднятой высоко в воздух пыли день стал превращаться в ночь... Вслед за мощным огневым ударом на обороняющихся без промедле- ния пошли вражеские танки – группами в несколько десятков и даже сотен. Следом за ними на бронетранспортерах двигалась немецкая пе- хота» – деп жазады маршал Жуков «Мемуарларында».
«Келдіғұлдың «Бесінші июль күндері» дегенінің бұл шайқасқа қатысы бар ма екен?» деген ой мені жиі мазалайды.
Дана халқымызда «Үш күннен кейін молаға да етің үйренеді» деген сөз бар. Күші басым жау әскеріне төтеп бере алмай шегінуді, қарулас достарынан айырылуды бастан өткізіп, қаһарлы қыста қар кешіп, ап- тапты жазда су ішпеген шайқастарда шыңдалған жауынгердің елге бұдан кейін жолдаған хаттарының мазмұны да өзгереді:
Үшінші жыл көрмегелі ел сені, Артқа тастап, Сарқопадай жер сені Отырғанда ойға түсіп ел мен жер
Бой көтертпей мұң басушы ед еңсені... Біз жеңеміз, тыныштықты құрамыз

Ойраныңды Гитлерге қыламыз. Қызықтырмай жезтырнақты Отанға
Көп ұзатпай моласына тығамыз! – деп ширығады ақын жауынгер. Бірақ Гитлерді «моласына тығу» оның таланына жазылмапты.
Көп ұзамай Келдіғұлды «хабарсыз кетті» деген хабар келеді. Сонда
«Келдіғұлдан жаным артық емес» деп, оның ағасы Мұқаш майданға өзі сұранып кетеді. «Артында тым болмаса тұяқ та қалған жоқ» деп өкситін әжем.
Әжем күйеуі мен екі інісін өмір бойы күтті. Ажарлы, нұрлы қоңырқай көздерінен мейірімді шуақ төгілген, орнымен сөйлеп, ретімен іс істейтін әжеме жас кезінде көз салып, сөз айтушылар көп болғанын келіндері айтып отыратын. «Ондайлардың қасынан апам бойын тіп-тік ұстап, кербез басып өте шығатын» дейтін Нәшкен әжеміз (Мұқаштың жары). Солай болғанына риза болып, рахаттана күліп қоятын. Оның сөзіне қалтқысыз сенемін: себебі әжем қартайған кезінің өзінде аппақ жүзді, екі бетінің ұшы қызыл шырайланып тұратын ерекше көрікті жан болды. Сонысына қарай жаңа түскен келіндер «әппақ әже», «әдемі әже» деп атайтын.
Әр балаға өз әжесінен мейірімді адам жоқтай көрінеді. Және әрбір балаға әжесі өзін ғана ерекше жақсы көргендей болатыны белгілі. Мен де солай ойлайтынмын. Жалғыз қызы Балажаннан туған немерелерін бауырына басып өсірген әжем әрқайсымызды өбектеп, қай-қайсымыз үшін шығарда жаны бөлек болғанын қазір түсінемін. Бірақ бала кезімнен әжем мені ерекше көрді деген сеніммен өстім. «Осы баланың бетін қақпашы, – деді бірде әкеме, – байқайсың ба, бет-пішімі Келдіғұлға келеді ғой? Өлең жазатыны да соған тартқан-ау». Сол-сол-ақ екен, ал- дында ғана, мектеп басшылығы озат оқушылар тобымен бірге Ригаға саяхатқа жіберсе де, «өткен жылы Мәскеуге бардың ғой» деп көнбей отырған әкем, үнсіз басын изеді.
Бір қызығы, мен оныншы сыныпқа келгенімше әжемді әкемнің ана- сы деп ойлап келіппін. Себебі әжем әкем үшін алаңдап, «Әбілқасымның жұмыстан келетін уақыты болды ғой, шәйін қойдыңдар ма?»,
«Әкелерің демалып жатқанда мазасын алмаңдар» деп бәйек болып жүретін. Әлдебір жайларға көңілі толмаса анамызға «Шалқып-тасып жүргендерің Әбілқасымның арқасы» деп қадай сөйлеп отырғанына қарап та басқа туыстардың үйлерінен көріп жүрген – ұлын қорғап, келінін қақпақылдап отыратын қазақы «тәртіпке» сәйкес ой түйген бо- луым керек.

Әуелі әкемнің анаммен бір шаруаларды ақылдасқанда «үлкен кісі не дейді?», «үлкен кісіге айттың ба?» деп отыратыны ойлантты. Сосын бірде төтесінен әкеме сұрақ қойдым: «Папа, осы сіз әжемді шақырғанда қалай шақырасыз?» «Әже-е-е!» деп шақырамын»,– деді әкем күліп менің даусымды салып. Сосын әжемнен сұрадым: «Әже, осы сіз кімнің шешесісіз?»
Әжем ойланып қалды. «Оны неге сұрадың?» «Білейін деп едім. Нұржамалдың әжесі папасының шешесі, Серіктің әжесі де Нұрхан көкенің шешесі. Ал сіз папамды жақсырақ көрсеңіз де бәрібір оның шешесі сияқты емессіз. Әлде апасысыз ба?»
Мектептегі қойылған сұраққа нақты жауап берілуі керек деген ережені бойға сіңірген ақымақ басым төбеден қойып қалғандай сұрағыммен әжемнің жүрегінің жарасын тырнап алғанымды біліппін бе? Әжем терең күрсінді. Ренжіген жоқ. Бетіме ойлана қарап, «міне, ақыл тоқтатып, есейгеніңнің белгісі осы. Мен айтайын, сен есіңде сақта» деді.
Сонда барып мен оның күйеуі – менің нағашы атам Жұмасайдың соғысқа кеткенін, әжемнің қызы – біздің анамыз Балажанмен және Зарлыққан есімді кішкентай ұлымен қалғанын білдім. Бір күні Зарлыққан қатты ауырады, емшілер ондайды «қадақ» дейді екен. Дәрігер дегеннің жоқ кезі, әжем ұлын аяқ жететін жердегі емші- домшының бәріне көрсетеді. Дүниеден баз кешіп бір соның тілеуін тілейді. Жаңа сойылған қара тоқтының терісіне орайды, шөп қайнатып суын ішкізеді. Бір емші сылау үшін спирт не арақ керек дегенде, бір шиша арақты төркінінен келген түгі төрт елі қалы кілемге айырба- стап алады. Бірақ ештеңенің де көмегі болмайды. Әкесі майданнан оралғанда алдынан жүгіріп шығады деп жүрген баласынан айырылу әжеме тым қатты батып, біршама уақыт мең-зең, дел-сал күй кешеді.
Жығылған үстіне жұдырық дегендей, осы кезде майдандағы күйеуінен «қара қағаз» келеді. «Өзімнің есім кіресілі-шығасылы кезімде келген бұл хабар мүлде есеңгіретіп тастады. «Қара қағазбен» бірге оның басқа да құжаттары – небары 23 бөлек қағаз келген. Оларда не жазылғанын кім білген? Ешқайсымыз орысша білмейміз. Ауылда шала сауатты бір атқамінеріміз бар еді, сол бар болғыр «қара қағазы» мынау, қалғандары – «нәград» қағаздар деп көрсетті. Әрқайсысын қолымызға ұстап, боздап жылаймыз. Бір туысқаны орысша сауаты бар адамға оқытамыз деп алған, содан бәрінен де айырылып қалдым ғой». Адамға емес, қағазға сенген заманда әжем соғыста қаза болған жауынгердің жесіріне тиісті ешқандай жеңілдіктерді көрген жоқ. Қарттығына байланысты сол кездегі ақшамен 16 сом зейнетақы алатын.

Қызын ұзатқаннан кейін жалғыз тұрады. Бірде әжемнің қатты ауырып, төсек тартып жатып қалғанын естіп, әкем барып, көшіріп алып келіпті. Сөйтіп, отыз жылдан астам қызы мен күйеу баласының қолында тұрып, алты немере, алты шөбере сүйіп, 1982 жылдың қара күзінде қайтыс болды.
Тарихи деректерге сүйенсек, Жұмасай Кәрібаев қатарында болған 375-атқыштар дивизиясы Челябинск облысында жасақталған екен. Сібірден, Свердлов, Қостанай, басқа да көршілес облыстардан әскерге алынғандардың көпшілігі Челябинск облысында жасақталған әскер құрамасында соғысуы содан болса керек.
Мен енді 932-артиллериялық полк туралы мәліметтер іздей баста- дым. Міне, осыдан бірер жыл бұрын Интернетте жарияланған Мефо- дий Власов туралы естелік. «Сержент Власовтың жауынгерлік жолы 1943 жылдың қаңтарында Ржев қаласының түбінде басталды, – деп жазады журналист. – Көп ұзамай олардың полкы дұшпан әскерлерінің құрсауын бұзу үшін Харьков бағытына жіберіледі. 1943 жылы нау- рыз айының екінші жартысынан бастап шілденің басына дейін полк қорғаныста болды... біздің әскерлер 19 шілдеде шабуылға шықты. Осы шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін М.Власов «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды.»
Міне, қараңызшы, аға сержант Жұмасай Кәрібаевтың да «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталатыны осы кез. Кім біледі, мына мақала кейіпкерімен иықтаса, бір-бірін қорғай соғысқан да болар. Ж. Кәрібаев жауынгерлік тапсырмаларды орындаудағы батырлығы, неміс фа- шист басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталған кезде оның командирі Иван Ивано- вич Дучков есімді майор болған екен, уақытша куәлікте де соның қолы тұр (ол бұл міндетті 1943 жылдың тамыз-қазан айлары аралығында атқарған). Ал дивизияның командирі 1942 жылдың қазан айынан 1943 жылдың желтоқсанына дейін полковник Петр Дмитриевич Говорунен- ко (кейіннен генерал-майор атағы берілген), 1944 жылдың ақпан айы- нан бастап қыркүйек айына дейін генерал-майор Василий Дмитриевич Карпухин болған.
«Молдова Республикасында Ұлы Отан соғысы жылдарында Мол- давияны неміс-фашист басқыншыларынан азат ету үшін қаза тапқан жауынгерлерге арналған қастерлі мұражайларды, ескерткіштер мен бауырластар зираттарын қалпына келтіру бағдарламасы әзірленді, – деп жазады «ВЕЧЕ» Славяндық құқық қорғау ұйымы басқармасының

төрағасы Н.Гуцул жауынгерлерге арнаған үндеу хатында. – Челя- бинск облысында жасақталған бес әскери құрама Молдавияны азат ету шайқастарына қатысып, жүздеген жауынгер қаза тапты.»
Солардың бірі – қазақ топырағында туып, молдова топырағы бұйырған аға сержант Жұмасай Кәрібаев екен.
«По документам учета безвозвратных потерь сержантов и солдат Советской Армии установлено, что командир орудия 932 стрелкового полка 375 стрелковой дивизии ст. сержант Карабаев Жумасай... уро- женец Кустанайской области Семиозерного района, призван в СА Се- миозерным РВК, погиб 28 июня 1944 года, похоронен: 200 м северо- западнее с. Инкулея Оргеевского района Молдавской ССР (ныне Ре- спублика Молдова).»
Ұлы Отан соғысының жылнамасына үңілсек, аға сержант Ж.Кәрібаев қаза табатын кезде Молдавия жерінде Далалық және За- байкалье майдандарынан құралған 2-Украин майданы жауға қарсы соғысыпты (Ж.Кәрібаевты наградтау куәлігінде «Степной фронт» деп жазылған). Яғни біздің атамыз да осы операцияны жүзеге асыру бары- сында құрбан болған боздақтардың бірі деп ой түюге негіз бар. Және бір жыл бұрын, орден алған кезінде орудиенің наводчигі болса, бұл кезде орудие командирі болған.
Қолымызда майдандастары, қарулас жолдастары туралы ешқандай дерек болмағандықтан осы дивизияда, осы полкта соғысқан майдангер- лер туралы деректерді іздестірдім. Міне, соғысқа Свердлов облысынан аттанған Ефим Иванович Дубинин де аға сержант Жұмасай Кәрібаев сияқты 375-атқыштар дивизиясы 932-артиллериялық полкының ору- дия командирі болыпты. Калинин, Ржев түбіндегі, Курск доғасындағы шайқастарға қатысып, Киевті азат етіскен. 1944 жылғы 10 қаңтарда Кеңес Одағының Батыры атағын алған.
Осы хабарды оқығанда әжемнің «қара қағазбен» бірге 23 бөлек қағаз келген» деген сөзі есіме түсті. Ол қандай қағаздар болды екен?
Жеңістің 62 жылдығын атап өтуге байланысты іс-шаралардың бірінен жүргізілген репортажда журналистің (31-арна) «Бұл қандай мереке?», «Кім-кімді жеңді?» деген сұрағына бірнеше жасөспірімнің жауап таппай, иықтарын қиқаң еткізгенін, бәз біреулерінің «біздікілер жеңді», «жауларды жеңген мереке» деп жалпылама жауап бергендерін, оған журналистің де «бүгінгі ұрпақ кешегі соғысты білмейді» деген сыңайлы тұжырым жасағанын тыңдай отырып, көңілім алай-дүлей болды. Соғысқа күйеуін, қос бірдей інісін, кішкентай ұлын берген

әжемнен, жиырмасыншы ғасырдың ең қатыгез соғысы деп аталған Ұлы Отан соғысының жауынгерлерінен іштей кешірім сұрадым. Олардың ішінде менің атам – Кәрібаев Жұмасай, нағашыларым Әбілұлы Мұқаш пен Әбілұлы Келдіғұл да бар.
Біз нағашыларымызды «соғыс ардагерінің ұрпағы» деген атақ алу үшін немесе соғысқа қатысушыларға тиесілі әлдебір жеңілдіктерден дәметкендіктен іздеген жоқ едік. Бар болғаны – өзімізді өбектеп өсірген нағашы әжеміздің соғысқа кеткен жары мен інілерінен бір дерек күтіп, батысқа қарап елеңдеп күн кешкенін көру жанымызға батқандықтан, сол деректі табуға ұмтылдық. Ұлы анамызға деген балалық махаббатымыздың нұсқаған жолы сол еді.
«Қара қағаз» келгенін, яғни атамыздың қаза болғанын білгендіктен, біз оның қабірінің басына әжемізді алып барсақ, сан жылдар бойғы сағынышын басуға, мұңынан арылтуға сәл де болса себімізді тигізсек, туған жерден апарып бір уыс топырақ салсақ деп іздеген едік. Сондықтан бұл хат бізге қуанышты дерек әкелмесе де, мойнымыздағы парызымыз- ды өтеуге, жүрек түкпіріндегі «қабірін тапсақ, басына барып тағзым ет- сек» деген ойымызды жүзеге асыруға жол ашқан құжат болды.
Аға сержант Ж.Кәрібаев 1944 жылдың 28 маусымында қаза тауыпты. Біз, ұрпағы, оны ұмытқан жоқпыз. Рухына тағзым етіп, басымызды иеміз. Алла жазса, еңбек демалысымды алып, шөбереңізді ертіп, атамыздың басына барып қайтамыз деп ниет етіп жүрміз. Барлық сапарларға шығарда алдыңызға тізерлеп отырып, батаңызды алушы едім. Міне, мен ес білгелі мұрат еткен жолға шықпақшымын, Сіз үшін, анам үшін,
өзім үшін. Батаңызды беріңіз, әже...
2007 ж.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу