Өлеңдер ✍️
Қанатым талды...
Қанатым талды...
Қайырды үміт шалғысын,
Саркебір халде, сағындым сені,
Жан құсым.
Арбасын айдап, кіресін тарттым құсаның,
Келемін міне,
Сүлдерім ғана қалды шын.
Өмірде мен бұл –
Жел қуған жай бір қаңғалақ,
Тастады тағдыр
Талқыға талай сан қабат.
Қолыма түсіп, шығып та кетті
Уыстан,
Бақытың, бағың...
Дүние мынау жалған-ақ.
Көгімді кернеп,
Барады кесел кестелеп,
Сыбағам бітті,
Ішті де кетті бес төбет.
Жүрегім қағып, айналды басым –
Міскіндік,
Жайымды білші,
Мүмкіндік болса кешке кеп.
Шағылды тауым,
Шағылды миым,
Шағылдым,
Саркебір халде сағындым сені,
Сағындым.
Дешті Қыпшақтың жебесі едім ғой зулаған,
Қияннан келіп,
Көзіне тиген лағылдың.
Қанатым талды,
Қалықтай алмай тымықта,
Амалсыз баттым:
Былық пен, қалқам, шылыққа.
...Зарқұм соғысын өткеріп келген аламан,
Сезім мен нұрға,
Ділгір екенін ұмытпа.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter