Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  125


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Шығармады қу тірлік шеңгелінен...

Шығармады қу тірлік шеңгелінен,
Тайқып кетті бір бақыт келгенімен.
Сәби-көңіл көнбейді алып-қашып,
Сартап сана салғанға көнгенімен.
Бор кеміктей сәт сайын мұқаламын,
Саф ауасы жақпады бұ қаланың.
Дөңбекшимін, төсекте дөңбекшимін,
Неге, Тәңір, бағымды жұқаладың?
Дәрухана.
Мезі етті солғындығың,
Өткенімді сараптап, шолдым бүгін.
Сау едім ғой құлындай құлан таза,
Аяқ асты мен ғаріп болдым бүгін.
Міне алмадым күміс жал тарпаңыма,
Жол шекпедім көк жиек шалқарыма.
Санам санға бөлінген, ойым мыңға,
Күмәнменен қараймын әр таңыма.
Керісінше кежегем тартады ма?..
Кеткен-тұғын ауып бір күн төбеден,
Ой қажыды жанымды,
Діңкелегем.
Шемен-шердің жеткені осы болар,
Жаза алмаймын, шаршадым,
Күлтелі өлең.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу