Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
20.06.2022
128
Қалғаным ба мұң кешіп сілелеген?
Қалғаным ба мұң кешіп сілелеген?
Бұндай өмір тәңірден тілемегем.
Сен кеткелі жылжуда мимырт күндер,
Кездерім жоқ қайғы ішіп, жүдемеген.
Болмашыға қуанам, серпілемін,
Не екенін де білмеймін дертім, емім?
Айдынымның әппақ сен аққуысың,
Жалғыз біткен маңдайға көркім едің.
Жетімсіреп қалдым ғой жұтап тағы,
Жапырақпын үзілер бұтақтағы.
Ұшар екем қай күні долы желге?
Жарамады тірліктің мұқатқаны.
Сондадағы көтерем еңсемді мен,
Амал қанша, ұқпадың,
Мен – сендік ем.
Жарып, кесіп көрмекші көкіректі,
Сәл мұңайып, қоярсың...
Өлсем – білем.
Аяқталар түрі жоқ осы ақпанның,
Бақилыққа бет бұрып, жасақтандым.
Шерлі жан ем шер жұтқан шексіз қалың,
Үрей менен қайғыға қосақталдым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter