Өлеңдер ✍️
Талыстай боп жайылады маң Далам...
Талыстай боп жайылады маң Далам,
Құс шалғысы талып талай самғаған.
Мұнаралар мұңға бөгіп маңқиды,
Көз сүзеді басы айналып сан ғалам.
Егемендік келдің елге, шаңғыттың,
Қаралдысы қыруар бір қамдықтың.
Ауыл қалды арашасыз Адамнан,
Баланы да, кәріні де қаңғыттың.
Отаным бар – ойсырамас қойыны,
Халығым бар – жіңішкермес мойыны.
Шолақ қолды біргәдірлер жүр әлі,
Сөзден бұрын жүгіретін сойылы.
Әр нәрсені ойлай-ойлай шалдықтым,
Әлдеқайда қуатты ма хандық күн?
Бара-бара құлдық дәурен құрмай ма?
Ал әзірше алдындамыз жалдықтың.
Жасалуда әр нәрсеге «келісім»,
Жесек соның жақсы болар жемісін.
Жаңа Астана, іргеңе мен тас қойдым,
Қанаттанған Қазақ үшін, ел үшін.
Көрінеді ұлы нұсқа алдан нық,
Жаңа ғасыр аттауға біз қамдандық.
Ит аузына ағаш тыққан ағайын,
«Келістік» те келімсекке жалдандық.
Егемендік – бөлді жұртқа еншілік,
Біреуге – кем, біреуге – артық...
Көншідік.
Бес саусақтың өзі бірдей емес қой,
Әр-әр тұстан кеткен шығар кемшілік.
Асқақтай бер, қалың жұртым, ардағым,
Базар кетті, «базаршылап», бар малың.
Ит тірліктің шыршуымен жүргенде,
Айтылмай да қалар ма екен арманың?
Талай нәрсе кездесер-ау жолыңда,
Қазір не бар, қара халық, қолыңда?!
Тырбан, тырбан!
Тәуелсіздік ту ұстап,
Аболиционист болмайыншы соңында...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter