Өлеңдер ✍️
Бір мен үшін қызығы жоқ...
Бір мен үшін қызығы жоқ,
Бұл ғалам,
Сағым бәрі,
Қолды алыстан бұлғаған.
Өз-өзімнен қарап тұрып,
Жынданам,
Өз-өзімнен қорқамын да,
Жым болам.
Жүзіп жүрмін шер-мұхитта,
Кешем мұң,
Қоныс тепкем
Шаһарында кеселдің.
Өксік жұтып,
Дүниеге бір келіп,
Қақ тағалла,
Жалғаныңда бес өлдім.
Жолыма кіл тозақ тостың,
Сан қабат,
Пәк жүректі сайқал көңіл алдамақ.
Жаздай менің жадыраған жанымды,
Шіркеу салып, күйе бастың,
Таңбалап.
Шексіз екен, аңғалдық пен аусарлық,
Шама қайда,
Зарымды айтып,
Таусарлық.
Бір түкіріп, бәрін қиып кетер ем,
Ұмсындырды,
Сендегі бар кәусарлық.
Жеті түнде,
Жеті Қат Көк,
Қонғаным,
Дәл қасынан
Айды көрдім,
Толғанын.
Жеті бірдей қарақшы жүр
Жанымда,
Пері де бар,
Бірақ өзің болмадың.
Менің қайбір хал-жайымды
Ұқты адам,
Бір ісімнен
Дұрыс нәрсе шықпаған.
Жұматайдай
Қиялымнан қыз жасап,
Соның ғана
Сұлбасына
Сұқтанам...
...Тастай түнек –
Түн құшағы,
Зар салам,
Өзіңді аңсап,
Лауқиланып,
Шаршағам.
Сол түнекті
Бұзып-жарып жетпедің,
Жүрегімді кернеп барад,
Сарсаң ән...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter