Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  114


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

ҰЛЫ АНАҒА МҰҢ

Қанатын жайса Тайбуырылыңа
Ендік тар,
Жорыққа мінер батырдың аты сен құптар.
Жүйріктік біткен
Сүйегіне оның тәңірден,
Қайтейін әттең, қырық үш күндік
Кемдік бар.
Күйінді бабам,
Бір ауыз сөзге табашыл,
Батырдың бабын қиыннан иіп,
Табасың.
Түздегі болған жайттардың бәрін түйсікпен,
Отауда жатып сезіндің, анам,
Жаны асыл.
Тоқтаттың баппен
Бабамның таудай екпінін,
Ап шықтың атын, танытып ісін тектінің.
Екі ұшты көкке.
«Үш ұшу керек еді» деп,
Қиналып айттың, кемдігі барын көп күнін.
Аналық пейіл, әйелдік жолды
Ұстандың,
Жүрегің сенің қатерді біліп құшқан мұң.
Тигенде келіп Қызылбас қалмақ малына,
Құйрығын тігіп,
Қос көгі кетті дұшпанның.
Қақым жоқ, Ана,
Тағуға мүлде атқа айып,
Баптасақ күлік өзіңдей ғана баптайық.
Достығы аз жанның ниеті бәрін бүлдірді,
Бір ауыз сөзден кетті ғой, шеше,
Бақ тайып.
Зарымды саған шағамын бүгін,
Құртқа Анам,
Оралды талай сойқаннан бабам,
Жұртқа аман.
Балаңдай болған буырыл тайдың шабысын,
Тамсанып айтты қазақтар емес,
Сырт ғалам.
Қанатын жайса Тайбуырыл атқа
Ендік тар,
Жорыққа шығар батырға серік сен құптар.
...Қайыру бермей тағы да кетті бір топай,
Қайтейін,Ана,
Қырық үш күндік кемдік бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу