Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  117


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Отарды айдап келеміз...

Отарды айдап келеміз,
Сағым дала...
Ұмыт болған жайдарман шағым мана.
Кеберзіді
Ерінім аптап күннен,
Кездеспеді бір бұлақ:
Бағың – бала.
Жыбырлатты ащы шаң
Кеңсірікті,
Зорға ілбимін сүйретіп,
Мен сырықты.
Кірпігімді тұтап қап әппақ тозаң,
Айғыз-айғыз арқаға тер сіңіпті.
Бас айналды
Ми түсіп,
Таңдайыма,
Бақ бітпепті,
Сор біткен маңдайыма.
Туа сала жөргекке
Оранбаппын,
Ораныппын,
Бейнеттің шалғайына.
Әкем бірақ, селт етіп мызғымады,
Осы сұсы сұрланған бізге ұнады:
Қоңтәжінің айбыны,
Қасқайып-ақ,
Өте шығар нешеуін құздың әлі...
...Шөл буады...
Сабырмен саба басып...
Отарды айдап келеміз,
Жағаласып.
...Тентіреткен тәңірге дауа бар ма?
Сағым кетіп барады
Лаға қашып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу