Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  136


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Мұрат деген немене?

Мұрат деген немене?
Мақсатың ба мантыған?
Ымыраға келмейді қисапсыз сөз тантыған.
Діттегенің діңкеңді құртса дағы жеткізбес,
Өмір өтіп жатады, бір өзгермес қалпынан.
Тірмізік сол халменен,
Тырбынасың тырбанып,
Бұйырмаған бақ-дәулет:
Жұртта қойдым құр қалып.
Мен жүргенде мойныма ащы терім құйылып,
Мендік бақыт кетті әне басқаменен ұрланып.
Салғанменен сәңкіні жоқ боп тұр ғой салмағым,
«Көзі түзу болсын, – деп, жұбанамын –
Алланың».
Талай жерге бардым да бетім қайтты,
Шағылып,
Өзіме өзім тоқтау сап,
Келер күнмен алдадым.
Мақсат деген осы ма?
Бармағыңды шайнатқан,
Барар жерге барғызбай, бақты қолмен байлатқан.
Өмір өтіп жатады,
Біреулерге – сыйы мол,
Мендік тағдыр қатып қап, қара қанды қайнатқан.
Үстемелеп қайғымды,
Ойға ой қосып, «оңалттым»,
Қайдағы бір қарақшы –
Қасіретке тоналттың.
Жетек соққан лауқимын,
Мақсат, мүдде – немене?
Арман, қиял – өлген ол.
Құбыламды жоғалттым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу