Өлеңдер ✍️
Көру ғана көзіңді көксегенім...
Көру ғана көзіңді көксегенім,
Сен – қиырда, мен – зеңгір көкшедемін.
Жүрегіміз бірақ та бір соғады,
Ебі жел кеп бетімнен өпсе менің.
Сағыныштың шабдарын сабылтамын,
Ұмытқам жоқ ерніңнің, жаным, табын.
Махаббаттың күшті екен құдіреті,
Ақ сезімге табынсаң – табын, табын!
Сырғаң неткен айбарлы, жадылаған,
Күн шығыстан нұр шашты тағы маған.
Сен де жүрсің аңсаумен...
Сол бақытқа –
Жетеміз бе білмеймін, жаным, аман?..
Сағынумен сартап боп сандаламын,
Тәтті қиял, елеске малданамын.
Күлкі кетпей құлақтан елегізем,
Неге сонша байландым – таңданамын.
Мәрмәр жүзің жанымды бұғаулаған,
Қарашығы көзіңнің: түн – аумаған.
Түн – тұңғиық: арбайды, сиқырлайды,
Оп-оңай-ау түбіне құлау маған.
Ісің қандай қылықты, назың қандай?
Еркелікпен айтасың базынаңды-ай.
Аңсарымды амалсыз аударасың,
Шығыстағы шырайлым, қазынамдай...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter