Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  134


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

ОЙЫН

Аптап күннің бірі-тын ыстығы асқан,
Тұнжыр әлем – сүреңсіз мысты басқан.
Су шашысып ойнадық, алаңсыз біз,
Түк қалмады – малмандай – үсті-бастан.
Бір ыстығым тарқады денемдегі,
Су құйылды мойныма легендегі.
Мен де шаштым қыздарға,
Ойын қызық,
Ерсі шығар, бірақ та еленбеді.
Шомылғамын желіктің «Жайығына»,
Ештеменің бармадым байыбына.
Келіп қаппын қасыңа,
Ақыл-есім,
Кеткендей-ау суменен шайылып ә-ә...
Салқарлықты сап тыйдың табанда сен,
«Үнін сыйла күлкіңнің маған десең.
Жүрегімді берейін кеудемдегі,
Жазым етсең, шырпыдай жанам да өшем».
– Гүлнәр, – дедің, – есімім.
Салқын ғана,
Мас болғандай сезіндім бал тұнбаға.
Ақ шолпандай алдың-ау арбап мені,
Көз алдымнан жоқ болдың жалқындана.
Ұқсатамын Байронның Гүлнарына,
Шоқ тастадың сезімнің шыңдарына.
Мәңгі сені сағынып, қосып өтем,
Анахорет секілді жырларыма.
Жұлдызымсың қол жетпес алыс тұрған,
Мың сан қызбен өзіңді салыстырғам.
...Сол ойынға шектен тыс қарыздармын,
Сені менен мені әкеп таныстырған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу