Өлеңдер ✍️
Нала, наза –
Нала, наза –
Еншіңде
Ертеңгі күн,
Көтереді бізді ойлап желкенді кім?
Мен кетермін мәңгіге сапар шегіп,
Қабағыңды шытпашы,
Еркем, бүгін.
Жоғалтты ма қу тірлік мағынасын?
Әлі-ақ, сәулем, осыны сағынасың.
Кірпігіңді шылама жасқа малып,
Бекер босқа таусылып, нағыласың?
Білем, білем тағдырым зарлатады,
Алдым жазық көрінер – жар жатады.
Күстаналап сен мені қажай берме,
Махаббаттың мазарын шарла тағы.
Күрсінемін,
Қайда әлгі еркелігің?
Маған кейіп жүресің ертелі күн.
Болмадым ба аңыздың батырындай,
Болмадың ба сұлуы ертегінің?
Бара жатыр ұлып ой қайда лағып?
Құрсауына түсіріп, байлап алып.
Мен өзіңді сүйемін басқаны емес,
Сен де мені сүйесің, айнам, анық.
Сезім неткен тым тәтті –
Балдай,
Ұқшы,
Қос аққудай жұп жазбай самғайықшы.
Бұл жалғанда жүргенде қадірді ұқпай,
Ақыретте адасып қалмайықшы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter