Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.06.2022
86
Торлады ма жаныңды кіреуке шын...
Торлады ма жаныңды кіреуке шын,
Қайтайықшы қыдырып, жүр, еркешім.
Күте-күте көңілің айғызданды,
Аралайық даланың күрең төсін.
Самал ессін самайдан, сағым іліп,
Көлеңкелі тірліктің шағын ұмыт.
Өзің мені ақын ғып шығарып ең,
Өзің мені жібердің тағы ғылып.
Шамданасың, өксігің қабындаған,
«Кешіктің» деп кінә арттың, жаным, маған.
Қанат қағып кетсем де түйсіз құзға,
Сенің ғана саяңда дамылдағам.
Қайтайықшы қыдырып қыр, даланы,
Ақша жүзің сол сәтте нұрланады.
Жадырасаң көктемнің күндеріндей,
Жарыңның да ашылар бір қабағы.
Кейімеші кешіксем, көшебелім,
Қаншама рет шайыңды еселедің?
...Күліп қарсы ап, мойныма қолыңды артсаң,
Көгермесін көрер ем көсегенің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter