Өлеңдер ✍️
ҚАЗАҚИ
Ұзағынан сілтейді сілтегенде,
Тұра алмайды құйқылжып күн төбеде.
Қазақиым – қазақтың қолтумасы,
Ойнамады зорлықпен кім төбеңде?
Қуғын-сүргін аздырды ұрпағыңды,
Мен білемін әлі де шырқарыңды.
Қолдың кірін емген кіл, сипап тұрмын,
Алтын жалды, апайтөс тұлпарымды.
...Жылқы зауыт бұл күнде көбейген-ді,
Ондағылар өз қағын елей ме енді?
Таза қанды доннан ба, шотлан ба?..
Қазақилар соғым боп көмейге енді.
Әкем бірақ келіспей оларменен:
– Қасқыр қудым: жетпедім, сонарда мен.
Бір кезеңнен аса алмас «асылыңның»,
Керегі жоқ. Әй, достым, доғар!» – деген.
Ақалтеке болдырды адыр аспай,
Күздің күні-ақ жүдеді қар ұласпай.
Аты мықты болмаса бұрындары,
Дүниеге ешқашан жарымас бай.
Қазақилар көрсетер бар өнерін,
Олар үшін ет болу – арам өлім.
...Сондықтан да «форма» іздеп жатпаймын мен,
Ала салам қазақтың қара өлеңін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter