Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  151


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Тақымында тағдырдың езулеген...

Тақымында тағдырдың езулеген,
Бара жатыр теңселіп сезім-кемем.
Көздің жасын біреулер сатып тұрды,
Соны көріп кеудеден безуде өлең.
Өмір өктем, именбей өңмеңдеген,
Арсыздар жүр көлгірсіп, көлбеңдеген.
Жатса-дағы бейіл ғой таптап өтер,
Аяғының астында өлген денең.
Көше толған хан базар, жәрмеңкелер,
Қаптап кеткен қонақ үй – шәрмеңкелер.
Иманынан адасқан, қапы бассаң:
Деп ойлама олардан жәрдем келер.
Мүттәйімдер, мүттәйім – заманақыр,
Азып-тозып құриды адам ақыр.
Қатын – жәлеп, еркектер әуей кілең,
Қайда барып тірелмек бала пақыр?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу