Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.06.2022
171
Азғырынды, бәтуасыз сөзге еріп...
Азғырынды, бәтуасыз сөзге еріп,
Кешші жаным, кетіппін ғой өзгеріп.
Менің милау екенімді білген де,
Жадылаған бір жылмиған көз... көрік.
Жетек соқты!
Жетелеген шайтандар!
Аярлықпен әйел болып жайтаңдар.
Аяқ асты буырқансам бурадай,
Есімді алып, жын буғаны, байқаңдар.
Кейде – тулақ, кейде сұмдық көрігім,
Алқымынан ала түсем бөрінің.
Кей-кейлерде өзіме-өзім келгенде,
Жатам құшып сұлу қызын перінің.
Ұшып жүр ғой диюлар мен жын қабат,
Сайтан көріп әлгілерді жынданат.
Пері қызы тұрып жатыр оңаша,
Мәңгі-бақи сұлулығын бұлдап-ақ...
Ыбылыстың арасында пендемін,
Арбауына түстім әрі көнгемін.
Құдай өзі періштесін салмаса,
Әй, әулие, қона қоймас енді емің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter