Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  106


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Шер жамылған мұңлы аймақ: сағым-әжім...

Шер жамылған мұңлы аймақ: сағым-әжім,
Құйын қашты бет алды тағы мәжін.
Одан басқа селт еткен дәнеңе жоқ,
Тыныштықтан жындандым, қажығамын.
Шіліңгір шақ, шаңқай түс, аптап әлем,
Мүдуар жан, бір емін таппаған ем.
Қалықтайтын қиянда қара құмай...
Дірілдейді болмашы әппақ әлем.
Тоқтап қалған тәрізді тіршілігің,
Бара жатыр көбейіп күрсінуім.
Құлаққа ұрған танадай меңіреумін,
Ақыл-естен айрылды жыршыл ұлың.
Жалғыз жүрмін жапанда шырқым қашып,
Аңызақтан ерінім жыртылды ашып.
Үр қыздары көзіме елестейді,
Солығыңды кетер ме ед бір түн басып...
Алды-артымда сағым наз, сан қабат мұң,
Өмір – өксік, алдамшы, жалған-ақ тым.
Қол созым жер мөп-мөлдір «ғұмыр-ағым»,
Жадағайлық таныттың – жанға баттың.
«...Көз қызыртып, үр қызы, қиылма! Шық!
Мен – жолаушы, жаяумын, үйім – қашық.
...Есімді бір жиғанда барады екен,
Арасында сағымның құйын қашып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу