Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  109


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Боран. Ақ боран далада безеді тілін...

Боран. Ақ боран далада безеді тілін,
Таппайды мынау ойпаңның өзегі тыным.
Ала қаншықша қыңсылап, тырмалайды есік,
Ойым да ұйтқыған дауылдай кезі еді, күнім.
Қырқасы қырдың сұп-сұрқай, безерленеді,
Ысқырған долы үскірік өзеурегені.
Шылымды шегіп, бозғылтым боранға ұқсаған,
Түтінді жұтып, ерінім кезерген еді.
Тыстағы дойыр шүйілді, шімірікпеді,
Дауыл мен қарың төпеді бірігіп тегі.
Қара жер бәрін көтерді сақалы ағарған.
Жабылып кету, білмедім, ірілік пе еді?
Мұғаллақ тылсым мұңайды, дүбінді дүлей,
Қамысқа құдай саусағын бүлінді білей.
Тауансыз тағдыр шүңет көз татасы қалың,
Саудаға салды басымды, күнімді міней.
Есірік желің ұйытқыды саңырау кеппен,
Ол үшін күнә: ықтырып, қарымау беттен.
Санада – сойқан, борандай ақтүтектенген,
Көрсоқыр еттің,
Озбырсың, тәңір-ау, неткен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу