Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.06.2022
131
Ызың-ызың, жарықшағы ағаштың...
Ызың-ызың, жарықшағы ағаштың,
Естіледі үні сынды алаштың.
Тыр жалаңаш далам қалды лыпасыз,
Неге заман, тәлейімен таластың?
Құлақтанды қаңтарда емес, жазда күн,
Әдетіңше жарқырамай маздадың.
Кім біледі, осы шығар азғаның?
Қайдан болсын «соқыр» менен «тазда» мұң?
...Тереземнен кешкілікте келді іңір,
Отыр едім «көсілсем, – деп, – енді бір».
Жүдегені-ай ғашығымдай бір кезгі,
Сахардағы сүйектей боп өңді қыр.
Ызың-ызың, бұтақтарда мұң батпан,
Арыла алмай жатырсың-ау құндақтан.
Бүршігіңнен жас таматын – солғансың,
Саларыңды білмей далсың кімге аттан?
Жүрегіңе шемен-шерді орнатып,
Қойғанын-ай, тірлігіңнің сорлатып.
Ызыңдатпай кәрі қыздай қам көңіл,
Жасын түсіп, жанып кетсең, сол – бақыт.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter