Өлеңдер ✍️
Қу шұнақ құдай, қарадың шапыраштанып....
Қу шұнақ құдай, қарадың шапыраштанып,
Жоғалған иман – жұрт кеткен батыраштанып.
Құла ауыз неме сырқынды – қулыққа бейім,
Монтаны момын көшеде жатыр аш қалып.
Торғайдай бәрі – түгі жоқ бұтадан басқа,
Сақалын салды саудаға жұтаған қасқа.
Бет сипап, бақыт тілеген диуаналармен,
Толып та бітті Алматы сықаған «масқа».
Делдалдар қалың базарда итаршыланған,
Маймылдай бәрі жықпылдан бит аршып алған.
Ортадан түсер ақшаға алақан жайды,
(Намысын қарыр бәлки бұл қиқар шығармам?)
Алыпсатарлар андыздап, андағайлаған,
Аңырып тұрмын, әттең-ай, қалмаған айлам.
Бір күнде бәрін сап тиып тоқтатар едім,
Билікті бермес ешкім де ал, маған, айнам.
Дарытпай бойға жаманды тырбынып бақтым,
Мысқылмен қайғы есікті бір күліп қақтың.
Татасын тартып тағдырдың тірмізіктеніп,
Топаннан мені құтқарар бір күлік таптым.
...Ақшаға батып белшеден мелдектегендер,
Саудада жүрген қасқырлар – жендет немелер.
Қан көрсе бітті – ауызды салар тайынбай,
Ұяласқа да.
Қорқау ғой – жөндеп.., жөнелер.
Пиғылды бұзса – бұзады базардың маңы,
Қашқандай бүгін қоғамдық назардың мәні.
Ит едің бұрын...
Кигенмен костюмді шыттай,
Жасырмай айтшы, былықтан тазардың кәні?
Ордалы жылан секілді саудагерлерің,
Біріңді-бірің қолдадың, «жауға» бермедің.
Сыпырып алған саяқтау сараңдарыңды,
Рэкеттерге жолығып, «сауға» дер ме едім.
...Делбемнен қалдым, арбамды жүргізіп келіп,
Көшірлікті де алды олар бір жүзік беріп.
Құдайы жоқтар тым ерке,
Құдайдан қорыққан –
Татасын тартты тағдырдың тірмізіктеніп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter