Өлеңдер ✍️
Бақыт «сыйлап» соңына шекпенді ағам...
Бақыт «сыйлап» соңына шекпенді ағам,
Беріп кетті қолыма кетпен маған.
Ойланбады темірде заһар барын,
Үстемдігін жүргізді өктем ғалам.
Кетпен келді – арамдық жайғасты кеп,
Аузын ашқан баладан айла асты үдеп.
Именбеді имансыз. Қыдыр баба,
Көшті үдере. Таңдандық: «қайда асты?» деп.
Сыймайды екен шайтан мен дінді бірге,
Айдап салды әккілер бірді-бірге.
Шекпенді ағам жүргенде шелтіреңдеп,
Арыны ойлап, жымысқы кірді кірме.
Тісі тиді кетпеннің өрісіме,
Ұли ауды даланың бөрісі де.
Ібілісті дұға оқып аластаған,
Жолықты елім перінің перісіне.
Аңғал ағам қуанды бөркін атып,
Отарба кеп, шапшыды кер құла тік.
Мекалайдың малданды мақтағанын.
Екі көзден саулады бертін ақық.
Санын соқты,
Өлтірген жақынын да,
Өзі ұстатты данышпан ақынын да.
... Бұл-бұл ұшып тайпалған боз жорғасы,
Бара жатыр бөгденің тақымында.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter