Өлеңдер ✍️
Іздеп жүріп ақыр мені тапты өлім...
Іздеп жүріп ақыр мені тапты өлім,
Қара жер-ау, неткен сонша қатты едің?
Онысыз да қысылатын кеудемді,
Сығымдайды төрт-ақ құлаш ақ кебін.
Шырқырадым наза батып шымбайға,
Нұрын шашар Ай-ару мен Күн қайда?
Енді екшедім тірлігімді...
Опындым,
Күн жұбатып, күнелтіппін, тым майда.
...Көрші бейттен аруақтар келмеді,
Қайтсін олар мендей пақыр пендені.
Бұл жақта да бар екен ғой,
Енді ұқтым,
Тірілердің менсінбейтін мен-мені.
Қара жердің қойнауында қамықтым,
Мойынымда ізі қалды қамыттың.
Ал, әйелім ашып тастап балтырын,
Үстінде аунап жатыр ма екен мамықтың?
Білем, білем сен де мұңға бөгесің,
Тағдырыңның салғанына көнесің.
Тірі кеуде тіршілігін жасайды,
Шырмап алған ой-санаңды көп есім.
Қиялыңның қатпарлары сан қабат,
Көңіл-көзің енді кімді талғамақ?
Бәрі саған кешірімді,
Алдымен,
Маңдайыма Ай тұрғызшы балғалап.
...Қабірімнің қабырғасын ес көрем,
Айқайлаймын,
Барады өтіп, көш – керең...
Өзімнің де өлілердің қасынан,
Бет сипамай өткенімді ескерем.
Осы иманды ой мұң-назамды таратты,
Әңкүр-мүңкір дүм көрсетті қара атты.
Бір келмедің,
Өлгеніңде әкешім,
Құйып едім өзің сүйген арақты.
Майланды аузы кәрінің де, жастың да,
Содан менің жүрегімде жас-тұнба.
...Бұл әлемге симай өтіп кетіп ем,
Қалам ба енді бір төмпешік астында?..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter