Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  282


Автор: Алмас Ахметбекұлы

Жайлау еркін.

Жайлау еркін.
ақын үшін мұндайда
қиял менен түс егіз.
Кезеңдегі киіз үйдің қайбірін
Тұтар екен місеміз.
Назар салып туырлықтың түсіне
Ақ отауға түсеміз.
Жас келіншек қимылдайды сыпайы
сары қымызын əзірлеп,
қымызына сұқтанамыз
кісімсіп,
«Жас жеңге» деп əзілдеп.
Сарықымызға саптаяқ жоқ баяғы,
сыңғырайды ақ шыны.
Ақ шынылар босағанға ілесіп,
Ғайып болды жүзіміздің ақшылы.
Қымыз ішіп қызаратын шақтары –
Жылқы мінез мынау жұрттың бақ күні.
Көрінеді ашық жатқан есіктен
Сəбидей-ақ шешіп алған бесіктен.
Белін жазып желідегі жас құлын.
Исі тарап сапырылған сары қымыз
Алаулатар ақындықтың мастығын.
Жалдас айғыр кісінесе керіліп
Сұлу үні күй сынды.
Қоңыр байтал
Кезіменен күйлеген тықыршыды, сүйсінді.
Мекіреніп желідегі құлынға.
Күрең бие исінді.
Көңілім жүр қайырмақтап
Қоса алмай
Қос жолдарды
Ұйқастарды
Қисынды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу