Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  145


Автор: Алмас Ахметбекұлы

БІЗ КІМБІЗ?!

Ағайын, «кімсің?» деме,
оралманбыз.
Үйірінен адасқан тай секілді
бір ақмылтық боранда жоғалғанбыз.
Көкірегі тіреліп көк найзаға
мал мен жаннан мың мəрте тоналғанбыз.
Ағайын, «кімсің?»десең,
қызыл қанбыз.
Иілмеген бастарын қылыш кесіп,
руымен у ішіп қырылғанбыз.
Бір қайырылып соғатын күнді күтіп,
түйе құлап, жүк ауып, шұбырғанбыз.
Ағайын, «кімсің?» деме,
ақтабанбыз.
Ері мылтық, қатыны бесік алып,
Памир, Алтай, Əлпіні таптағанбыз.
Туған жерің бір шымшым топырағын
алтын сандық түбінде сақтағанбыз.
Ағайын, «кімсің?» десең,
қараорманбыз.
Ұстараның жүзіндей бұл дүниеден
мың түңіліп, мың мəрте оңалғанбыз.
Қарғыбауға мойынын ұсынбаған
қабағына кек қатқан көк арланбыз.
Ағайын, «кімсің?»десең,
оралманбыз.
Көктуына тамызып көздің жасын,
сағынышын сарыққан мол арманбыз.
«Қазақстан, бір жаным садағаң!» деп,
жас Отанға жармаса оралғанбыз.
Ағайын, «кімсің?» десең,
Қараорманбыз!
Ағайын «кімсің?» десең,
Көк арланбыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу