Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  115


Автор: Алмас Ахметбекұлы

БІР АҚЫННАН БІР АҚЫНҒА

(Қайрат Құлмұхаммедке)
Сен екеуміз туған жер,
Сауыр деген тау еді.
Тұнық бұлақ, ну орман,
Қойнауы бар мəуелі.
Теріскейде сен туып,
Күнгейінде мен туып,
Əлдиледі біздерді
Туған жердің əуені.
Сол Сауырдың ақ бұлтын,
Өзіңменен тел емдім
(Ары аунаса сен емдің,
Бері аунаса мен емдім),
Біздер үшін сол ақ бұлт,
Ақ уызы еді өлеңнің.
Жыр бесікке мен жатқан,
Сен де келіп бөлендің.
Сауырдың сары атанын,
Шекарада шөгеріп.
Кең далаға біз кеттік,
Ен бақытқа кенеліп,
Сары атанның өркеші –
Сауыр таудың өр төсі
Ұялайды көңілге
мұз астынан көгеріп.
Азат елде бүгінде
Сенің туған күніңде.
(Қуанта алар екенмін
Жырдан басқа не беріп).




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу