Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  150


Автор: Алмас Ахметбекұлы

АШ КӨҢІЛ

Көз көрмейтін көңілді,
«Ақ», «Қара» деп кім айтқан?
Көңілің ақ сезілді,
сол ғой мені мұңайтқан.
Жазып саусақтарымды,
ұмсынып ем сонда мен.
Аш көңілімен кəдімгі,
өзімсінбек болған ем.
Ақ көйлектен қармадым,
кіршің еді ақ қандай?
Дақ қалдырды-ау бармағым,
ақ жаныңа батқандай.
Баран болса жан дүние
ұмсынар ма пиғылым.
Жасамас ем əуелде,
бір бейбақтың қимылын.
Білем,
оғаш қылығым.
Сен уайымға берілме.
кірбеңдігі жүзіңнің
кірбеңдігім менің де.
Оранған ақ шағидан
суға салсаң кір кетер.
Жаным, сергі уайымнан,
əуреленбе құр бекер.
Кетер ме екен жаннан дақ,
тұнық жырға бөктірсем.
Көк шалғынға жайып сап,
күн демімен кептірсем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу