Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  104


Автор: Алмас Ахметбекұлы

БАТЫРЛЫҚ ЖЫРЫ

Батырлық жыры, жанымның
түбінде тынған сөз едің.
Талайдан келмей сарылдың
атылып шығар кезегің.
Жыраудың сұңқар шабыты,
бұрсаңшы бермен бетіңді!
Келмеді сөздің ағысы
зулаған жебе секілді.
Тебініп тұлпар терлетіп,
күн жортып жауға шабатын.
Темірқазықты белгі етіп,
түн жортып жауға шабатын,
Жалауы желмен дүрілдеп,
«Елім!» деп өткен батырын,
дауысы көкте дірілдеп,
жырлаған шалқып ақыным.
Əуені жарып алқымын,
жандырған оттай жүрегін.
Батырлық жыры – халқымның
екі жырының бірі едің.
Батырлық жырым, барында
сезімнің қайтпас семсері.
Батырлық жырым, барында,
қыздарым – сылқым, ер – сері.
Батырлық жырым, жоқ болсаң,
табамын қайдан мен сені.
Кім көрінгенге жаутаңдап,
қорқыныш басар еңсені.
Айта алмай талай бөгелдің,
булығып көңіл толғамы.
Батырлық жыры жоқ елдің,
батыры да жоқ болғаны.
Батыры болмаған елдің,
ақыны да жоқ болғаны;
Ақыны болмаған елдің
ақылы да жоқ болғаны.
Батырсың ерлер,
дос, құрбы,
Жырлаймыз жан мен жалғасын.
Батырлық жыры жоқ күнді,
басыңа тағдыр салмасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу