Өлеңдер ✍️
ƏЛГІ ҚЫЗДЫҢ ƏКЕСІ
(Этюд)
«Мылтық жөндеу дүкені» –
Үш -ақ сөзден тұрады.
Ең басқы сөз жүйкені
сүле-сапа бұрады.
Кірдім ары,
Ендігі,
біздің көңіл басқада:
Төргі жақтан өңді бір –
жалт қарайды «жас бала».
Қыз баланы бекерден
жас жігіттер мақтамас.
Онан арғы түкпірде
бір шал отыр қасқа бас.
«Жас бала» деп бос айтам,
Қарайладым қызға анық.
Қарап қойды шал маған,
болар-болмас қызғанып.
Қыз жымиса болғаны
қылжақ сөзге бармын мен.
Əлгі қызға жағар сөз
айтып-айтып салдым мен.
Қылықтанған қыз жақсы.
Қыз күлдірген сөз əйбəт.
Сары секілді сұңғақ қыз
əзілдейді көзі ойнап.
– Қызым, – деді шал енді
қызға таман ұмсынып.
Мылтықты алды қыз одан
қолтығымен қымқырып.
Елемеппін əлгінде
шақырлатып шақпағын,
əлгі қыздың əкесі
мылтық жөндеп жатқанын.
Ауызы қандай мылтықтың,
Бəлкім, өңім, бозардың.
Сумақысың, көзім, сен!
Күні бұрын тозармын.
Сағын сындырар жігіт
бағын жиі сынағыш.
Сезіктенсең бет алды,
семе қалар қуаныш.
– Асығыспын, бойжеткен...
– Асықсаңыз, мейліңіз.
Мен барғанда есікке
– келіп тұрсаң, – дейді қыз.
Қызға қарап мен іштен
айттым «келем» дегенді.
Көзім тайып еңіске –
ақ тамақтан төменгі.
Маған оқтап əлгі қыз
(саусағымен бояулы)
Шүріппесін мылтықтың
Басып-басып қояды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter