Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
17.06.2022
552
КӨШПЕЛІ АЛТЫН
Бұлақ бойлап көшеді деп алтынды,
Айтылатын көшпелі алтын жайында.
Соған сеніп талай тағдыр алқынды,
Табылсын ба, ғұмыр батты уайымға.
«Балқып көшіп бара жатқан алтынды,
Көре қалсаң, саусағыңнан қан тамыз.
Алтын ұйып асырады даңқыңды».
Дəл осылай басталатын қанша аңыз,
Сол аңыздың мəні келер алқымға,
Қанға құмар болғаны ғой алтынның.
Алтын көшіп келе жатты жалтылдап,
Мен қанымды тамызбадым, тартындым.
Қызыл қаннан қымбат болса сары алтын,
Құныққанға солай болар кезінде.
Сол алтыннан қымбат десем, нанарсың,
Сөз алтыным, өз алтыным өзімде.
Бұлақ ағар қар шетінен сөгілген,
Биік тауда орманы бар, бұлты бар.
Себе қойсам бір шымшымын сезімнен
Алтыннан да қымбатырақ жыр туар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter