Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  111


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ЖАБЫҚ САНДЫҚ

Оң қолымның сұқ саусағы бүгулі
есігіңе қағылғалы тұр еді.
Көкшіл есік ар жағынан ілулі –
ар жағында іңкəрліктің жүрегі.
Есігіңе сұқ саусақтың буыны
қағылайын дегенінде ақырын,
алақаным бір ысып, бір суыды,
жалғыз елі жетпей тұрды батылым.
Үнсіз тұрмын.
Дірілдейді тынысым,
өзімде жоқ нəзіктікке бой ұрып.
Ту сыртымнан жүрегімнің дыбысын
сезіп тұрды тасқараңғы қоюлық.
Тірек таппай тəуекелдің табаны,
тайғанайды беткейінен көңілдің.
Сөзге түспес бір түйсіктің бараны
көрінді ме, жаным менің, не білдің?
Төмен тартты есігіңді қақпастан,
оң қолымның білезігі сылқ етіп.
Қала бердің шырағыңды жақпастан,
сезіміңді ұятыңа бүркетіп.
Көкшіл есік тық етіп бір қағылмай,
үнсіз қалды,
көп ойлаймын сол түнді.
Уақыт – шебер
Жинап-теріп жаңылмай,
алып кетті сол сезімді, еркемді.
Мен сүйреткен тəуекелдің шылбырын
шумақтады қараңғы түн қалғыған.
Шығармастан сирағымның сыбдырын,
алыстадым есігіңнің алдынан.
Арылтпаған маңдайымның қырсығын,
мен қайтейін бойымдағы дəрменді.
Қайталанбас уақытпенен бір сырым,
сандығында мəңгі жабық қалды енді.
Сол бір түнді ауық-ауық ойға алам,
ойлағаным неге керек ендігі?
Сенің-дағы бақытыңды байлаған
бір сəттегі тəуекелдің кемдігі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу