Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  112


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ҒАЛЫМ ҚАЛИБЕКҰЛЫНА

Сенің əкең əйгілі Қалибегі Манаптың,
Қарсы біткен бұтақтай қайсар ұлы қазақтың.
Ай маңдайы жарқырап, дара туған айбозды,
Сан салмағын көтерген мехнат пен азаптың.
Туған жерің Өр алтай – басында мұз сірескен,
Балқарағай қойнауы самал ескен, гүл өскен.
Туған елің өр мінез ай жаратып ат мінген,
Қанша ғасыр қан төгіп қас жауымен күрескен.
Қанша ғасыр қан төгіп қайыспаған ұлы елің,
Қылыш кескен білегін,
мырыш тескен жүрегін.
Көкейіңе жүктелген аманаты сол елдің
Еңкейтпейтін еңсеңді алтын діңгек тірегің.
Сөз бастасам толғанып, сенің арғы тегіңнен,
Өзіңменен ертеден сырлас-сыйлас едім мен.
Қанмен біткен қасиет, қайыстырмай қарыңды,
Сені биік көрсетер селкеу түспес сеніммен.
Тірі қалу үшін де бодан, отар ол елде,
Жанталаса жармастық өлең менен өнерге.
Қанша бағлан айбозым атағандай Алла атын
«Қазақстан!» деп өтті шамшырағы сөнерде.
Сен екеуміз сияқты бар қазаққа бақ беріп,
Қанша заман аңсаған атаулы бір сəт келіп.
Құштық сені құлшынып, азат отан, Ұлы Отан!
Жастық шақта маңдайға тəуелсіздік тап келіп.
Бақыт бізге бұйырды қанша ұрпақ тілеген,
Естен тана қуандық ебіл-себіл бір ерен.
Ал бүгінгі уайым уайымдардың алтыны-ау,
Бітпей қалған бір кітап,
шықпай қалған бір өлең.
Жымиясың мысқылмен ақын досым маңдайлы,
(Мысқылыңа бір шумақ қосайын ба сен жайлы).
Алғы күннің үміті алдандырып сəт сайын,
Махаббатқа өмірі құмарың бір қанбайды.
Кітап жаздың, жыр жаздың
сыбыр еткен сыр үшін
Көмкеріліп көрінер жүрісің мен тұрысың.
Отан азат болғанда ойланбастан жүк салып,
Миллион көшті бастаған бес қазақтың бірісің,
Досым, ерсің, ірісің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу