Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  115


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ОТАН ҮШІН!

– Ұлым үлкен жігіт болды зерделі,
Оқу орнын үздік тауысып келгелі.
Демалдырмай жұмыс беріп əкетті,
Нəн мекеме мынау алып елдегі.
– Деп бастады əңгімесін мосқал жан,
Баласының жөн-жайына тоқталған.
Ата жұрттан келгенімді білуі –
Ойындағы үмітіне шоқ салған.
– Жақсы оқыттым. Өзі-дағы құлшынды,
Жігіт болды жаңалыққа ілкімді.
Қызмет етіп миллиардтар елінде
Қайда барар, – деп ағасы күрсінді.
– Жалғыз ұл ғой тартатұғын тегіне.
Көріп тұрмын ерте көшкен сені де.
Менің ұлым керек бола қояр ма,
Бара қалса Қазақстан еліне?!
Ағамыздың айтар ойын аңғарып,
Ақын көңіл шыға келді жанданып.
Қалыңдатып дауысымның бояуын,
Сөз бастадым сəл-сəл ғана шамданып.
– Орын болар ондай елпек, зерекке,
(Қай елде де тебе қоймас өзекке).
Ең бастысы, ең бастысы ағасы!
Сол ұлыңа Қазақстан керек пе?
Керек пе оған қалған дала атадан,
Өз халқымен бірге ғұмыр жасаған.
Керек пе оған, азат, еркін отаны –
Өз ұлтының атыменен атаған.
Бой алдырма, сыпсың сұрқай дерекке,
Ой алдырма, арсыз сылтау, себепке.
Бетпе-бет кел ақылыңа-санаңа
– Қазақсың ба?
Қазақстан керек пе?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу