Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  144


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ОРАЛХАН БӨКЕЙ

Алтай анау бұрыннан бұлты қалың,
Қалың бұлты қайнары мың тұманың.
Оралыңның барында беу, Оралхан,
Сен де таудың бұлтындай бұрқырадың.
Тау бұлағы сияқты тұнық сөзден
Туған жердің жасадың бір сыңарын.
Сен туған жер
Ел шеті – жер кемері,
Сен туған жұрт –
Жаужүрек ерлер елі.
Айналайын, ағатай, асқақ бітім.
Асау едің бұғаулы кермедегі.
Қапы кеткен қайран сəт қан қайнатып,
Көкейіңді жарардай кернеп еді.
Сен туған жер Алтайдың өргі шегі –
Шыңғыстаймен, Берелмен жер бітеді.
Ар жағынан алтын күн көтеріліп,
Кең даламды оятып, сергітеді.
Алтын Арқа, Атырау, Арал, Балқаш
Жарысады жатқа оқып енді сені.
Ескі шаһар.
Елімнің күн жағында,
Ертіс пенен Үлбінің құндағында,
Халқың өскен,
Парасат парқың өскен
Түрен салған сияқты тыңға мұнда.
Ұлын сыйлап, ұлтына сауын айтып,
Жиналады жатың да, туғаның да.
Күн биіктеп Берелден ояу дала,
Жирен құлын жетектеп жаяу бала.
Тыныш орман, шулы өзен, кер бұғылы
Сол аспаның, сол тауың, аяулы аға!
Аспан жақтан атағы алыс кеткен
Жүрек тартар Мұзтауға таяуға да
Биігінің бітімі сен сияқты
Алтай жаққа көз салдым баяу ғана.
Тарқамасын жиының,
Аяулы аға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу