Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
17.06.2022
371
ҚАБАНБАЙ
Кең далада тас тұғырдың үстінде,
«Кім?» демеңіз ат ойнатқан кісіні –
Туған жерін бастырмаған ешкімге,
Қаракерей Қабанбайдың мүсіні.
Қу бас ат бұл қос аяқтап секірген,
Ер-жарағы еске салар көнені.
Бүркіт қабақ шайқасуға бекінген,
Қара найза қан шашқалы келеді.
Тарбағатай, Алтай, Арқас кемері –
Қабанбайдың ұстап қалған шебі еді.
«Қазақ елі, қазақ жері мəңгі» деп,
Шекараға қағып кеткен шегені.
Бағынбайтын уақытқа, заманға
Əбілһаят суын ішкен адамдай
Қазақ жері, қазақ елі аманда
Мəңгі бірге Қаракерей Қабанбай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter